Мемлекеттік кірістер комитетінің Аудит департаменті берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Арын Қайсар жаңа Салық кодексінде салық берешегін өндіру қалай жүзеге асырылатынын түсіндірді, деп хабарлайды bairak.kz.
Оның айтуынша, 2026 жылдан бастап салық қарызын өтеуде сараланған тәсіл қолданылады:
-
20 АЕК-ке дейінгі (86 500 теңге) қарызы бар азаматтарға тек ескертпе жолданады, өсімпұл есептелмейді.
-
20–45 АЕК (86 500 – 194 625 теңге) аралығында қарызы барларға өсімпұлмен бірге ресми хабарлама жіберіледі. Хабарлама алғаннан кейін берешекті төлеуге 10 күн уақыт беріледі. Егер бұл мерзімде төленбесе, банк есепшоты мен кассалық шығыс операциялары тоқтатылады, инкассалық үкім қойылады.
-
45 АЕК-тен жоғары берешек бойынша аталған шараларға қоса, мүлікті тәркілеу, оны сату, дебиторлармен жұмыс жүргізу, ең соңында борышкерді банкрот деп тану рәсімдері қолданылады.
Еске сала кетейік, биылғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салық берешегі бар азаматтардың банктегі есепшотын толық бұғаттамауды тапсырған болатын.
