Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ӘлеуметЖаңалықтар

Қазақстанда 1 миллионнан астам адам кедейлік шегінде: олардың басым бөлігі кімдер

Фото: ЖИ-дің көмегімен жасалды

Қазақстанда табысы күнкөріс минимумынан төмен азаматтардың басым бөлігі көпбалалы және адам саны көп отбасыларда тұрады. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, мұндай қазақстандықтардың саны 1 миллионнан асады.

Ресми мәлімет бойынша, 1,034 млн адамның табысы күнкөріс минимумына жетпейді. Бұл ел халқының шамамен 5 пайызы. Бір жыл бұрын көрсеткіш 5,1 пайыз болған.

Табысы төмендердің 88 пайызы – үлкен отбасыларда

Статистика кедейлік деңгейі отбасы мүшелерінің санына тікелей байланысты екенін көрсетеді.

Табысы күнкөріс минимумынан төмен 1 миллионнан астам адамның 908,8 мыңы немесе 88 пайызы бес және одан да көп адамнан тұратын отбасыларда өмір сүреді. Тағы 75 мыңға жуық адам төрт адамнан тұратын отбасыларға тиесілі.

Осылайша, отбасы мүшелерінің саны көбейген сайын жан басына шаққандағы табыстың күнкөріс минимумынан төмен түсу қаупі де арта түседі.

Түркістан облысында көрсеткіш ең жоғары

Өңірлер арасында да айтарлықтай айырмашылық бар. Табысы күнкөріс минимумынан төмен тұрғындардың үлесі Түркістан облысында ең жоғары – 8,4 пайыз.

Абай облысында бұл көрсеткіш 7,6 пайызды, Жетісу облысында 7,2 пайызды, Маңғыстау облысында 7 пайызды құрайды.

Ең төмен көрсеткіш Астанада тіркелген – 2,9 пайыз.

Ауылдағы жағдай күрделірек

Ауылдық жерлерде табысы төмен тұрғындардың үлесі кей өңірлерде республикалық орташа көрсеткіштен екі еседен астам жоғары.

Ақтөбе облысының ауылдарында бұл көрсеткіш 11,1 пайызға жеткен. Түркістан облысының ауылдық жерлерінде – 10 пайыз, Ұлытау облысында – 9,3 пайыз, Жетісу облысында – 9,2 пайыз.

Бұған дейін Energyprom сарапшылары Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы деректеріне сүйеніп, төрт және одан да көп баласы бар отбасылардың шамамен 46 пайызы бір адамға айына 50 мың теңгеден аз қаражат жұмсайтынын хабарлаған еді.

Ал отбасы құрмаған және баласы жоқ қазақстандықтардың шамамен 40 пайызының табысы 200 мың теңгеден жоғары болған.

Сонымен қатар Еңбек министрлігі мемлекеттік жәрдемақының 39 түрінің 14-ін тағайындау тәртібін қайта қарауды жоспарлап отыр. Өзгерістер Отбасының цифрлық картасында әл-ауқаты жоғары немесе ауқатты деп белгіленген «А» және «В» санатындағы отбасыларға қатысты.

Министрлік әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттап, мемлекеттік қолдаудың атаулылығын арттыруды көздейді.

Сәйкес жаңалықтар

Канье Уэст Алматыдағы жарықтың жаппай сөнуіне кінәлі емес – Энергетика министрлігі

bairakkz

БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға тағы 65 пәтер берілді

bairakkz

Ораза-2026: Сәресі және ауызашарда қандай дұға оқу керек

bairakkz