«Өкпенің интерстициалды аурулары» II Қазақстандық халықаралық форумына Қазақстан, Қырғызстан және Ресейден келген 20 жетекші сарапшы, сондай-ақ еліміздің барлық өңірінен респираторлық медицина саласының 92 маманы қатысты.
Форумды Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы Boehringer Ingelheim компаниясының қолдауымен ұйымдастырды.
Өкпенің интерстициалды аурулары – диагностикасы мен емдеуі күрделі, мультидисциплинарлық тәсілді қажет ететін аурулар тобы. Форум барысында бұл ауруларды ерте диагностикалау, өкпе фиброзының үдеуін дер кезінде анықтау және пациенттерге заманауи емдеу әдістерін уақтылы ұсыну мәселелері талқыланды.
Сарапшылар антифиброздық терапияны ерте бастаудың маңыздылығына тоқталып, заманауи емдеу тәсілдері мен Қазақстанда тіркелуі күтілетін жаңа препараттар туралы ақпарат ұсынды.
Форумның ашылуында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмек көрсету департаментінің директоры Гүлнәр Сәрсенбаева, ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының директоры Раушан Қарабаева, Еуропалық респираторлық қоғамның (ERS) президенті, профессор Joanna Chorostowska-Vynimko, Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау министрлігінің бас пульмонологі, Ресей ғылым академиясының академигі Сергей Авдеев, Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас пульмонологі, профессор Талантбек Сооронбаев, Қазақстан Республикасының бас пульмонологі Наталья Латыпова және «Ұлттық респираторлық қоғам» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алексей Пак құттықтау сөз сөйледі.
Ғылыми бағдарлама аясында ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының Респираторлық медицина орталығының мамандары өкпенің интерстициалды аурулары бар пациенттерге медициналық көмек көрсетудегі отандық тәжірибемен бөлісті. Медицина ғылымдарының докторы Роза Бакенова жетекшілік ететін орталық республикалық мәртебеге ие және сараптамалық деңгейдегі заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда Қазақстанның барлық өңірінен келген өкпенің интерстициалды аурулары бар пациенттерге жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі.
Орталықтың маңызды жетістіктерінің бірі – Қазақстанда алғаш рет өкпенің интерстициалды аурулары бар пациенттердің электрондық тіркелімінің құрылуы. Оның негізінде жұмыс істейтін мультидисциплинарлық сараптамалық комиссия антифиброздық терапияны тағайындау көрсетілімдерін айқындап, пациенттердің ұзақ мерзімді медициналық маршрутизациясын қамтамасыз етеді.
Форум барысында күрделі клиникалық жағдайлар талданып, үдемелі фиброздаушы өкпенің интерстициалды аурулары бар пациенттерді жүргізу жөніндегі халықаралық клиникалық ұсынымдар мен антифиброздық терапияны қолданудың практикалық критерийлері қарастырылды. Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитариялық көмек мамандары, өңірлік пульмонологтар және сараптамалық орталық арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру мәселелері талқыланды.
Секциялық отырыстар барысында өкпе зақымдануының сирек кездесетін түрлерінің дифференциалды диагностикасы, жоғары айқынды компьютерлік томографияның мүмкіндіктері және өкпенің интерстициалды ауруларын диагностикалауда қолданылатын заманауи морфологиялық әдістер бойынша баяндамалар ұсынылды.
Форум қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының пульмонологиялық қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған қарар қабылданды. Құжатта заманауи диагностикалық әдістердің қолжетімділігін арттыру, сараптамалық деректер негізінде емдеу хаттамаларын жетілдіру, сондай-ақ сабақтас мамандық дәрігерлеріне арналған оқыту бағдарламаларын дамыту жөніндегі ұсыныстар қамтылды.
«Өкпенің интерстициалды аурулары» II Қазақстандық халықаралық форумының өткізілуі ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының респираторлық медицина, оның ішінде өкпенің интерстициалды аурулары саласындағы ғылыми-клиникалық және үйлестіруші орталық ретіндегі рөлін айқындады.
