Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ӘлеуметБасты ақпаратЖаңалықтар

Қазақстанда мемлекеттік туға қатысты талаптар өзгерді: нені білу керек?

Ақорда

Қазақстан Үкіметі мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізді. Жаңа талаптарға сәйкес, азаматтар енді мемлекеттік туды тұрғын және тұрғын емес ғимараттарға, соның ішінде балкондарға да іле алады. Алайда балконға ілінген ту 45 градус бұрышпен орналастырылуы тиіс.

Қаулыда мемлекеттік туды пайдаланудың бірқатар талаптары нақтыланды. Атап айтқанда, жеке тұрғын үйге ту кемінде 3 метр биіктікте орнатылуы қажет. Сонымен қатар ту жерге, еденге, суға немесе басқа беттерге тимеуі тиіс.

Егер ту тік күйде ілінсе, ұлттық ою-өрнек жоғарғы бөлігінде орналасуы керек. Сондай-ақ мемлекеттік ту бүтін, таза, өңі оңбаған және ешқандай зақымсыз болуы міндетті.

Жаңа ережеге сәйкес, заң талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік туды көлік құралдарының салонында орналастыруға да рұқсат етіледі. Ал ғимараттың сәулеттік немесе техникалық ерекшеліктеріне байланысты туды қасбетке ілу мүмкін болмаса, оны ғимараттың жанындағы жеке ту тұғырына орнатуға болады.

Сонымен бірге мемлекеттік туды коммерциялық мақсатта пайдалануға тыйым сақталады. Сондай-ақ оны киім, төсек-орын, перде, дастарқан, кілем немесе басқа да жабын ретінде қолдануға болмайды.

Құжатта мемлекеттік рәмізді қасақана бүлдіруге, өртеуге, жыртуға, жерге лақтыруға немесе оның қадір-қасиетін қорлайтын кез келген әрекетке жол берілмейтіні көрсетілген.

Өзгерістердің бірі спортшыларға қатысты. Енді мемлекеттік тудың бейнесін спорттық киім мен спорттық жабдықтарда пайдалануға ресми түрде рұқсат берілді.

Бұдан бөлек, мемлекеттік рәміздерді ресми сайттарда, стендтерде және плакаттарда орналастыру тәртібі де нақтыланды. Олар мынадай ретпен орналасуы тиіс: мемлекеттік ту, мемлекеттік елтаңба, мемлекеттік әнұранның мәтіні.

Сондай-ақ стендтерді безендірудің бірыңғай талаптары бекітілді: фон көк түсті, ал жазулар алтын түсті болуы қажет.

Премьер-министр қол қойған қаулы 2026 жылғы 13 шілдеден бастап күшіне енеді.

Сәйкес жаңалықтар

Кассациялық сот Шерзат Полат ісі бойынша соңғы шешім шығарды

bairakkz

АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІ ДАУЫС БЕРДІ

bairakkz

Ғасыр жасқа таянған атамыз дауыс берді

bairakkz