Қазақстанда шетелдік маркетплейстер мен интернет-компаниялардың қызметіне салықтық бақылауды күшейту ұсынылды. Тиісті түзетулер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі мүмкін.
Ұлттық экономика министрлігі Салық кодексіне өзгерістер енгізуді көздейтін жобаны жариялады. Құжат шетелдік интернет-компанияларды анықтау және олардың Қазақстандағы салық міндеттемелерін орындауын бақылауды күшейтуге бағытталған.
Банктер қандай ақпарат береді?
Қолданыстағы тәртіп бойынша салық органдары Қазақстанда қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуші ретінде тіркелген шетелдік компаниялардың пайдасына жасалған төлемдер туралы ақпарат ала алады.
Ұсынылып отырған түзетулер бұл талапты Қазақстанда тіркелмеген шетелдік интернет-компанияларға да қолдануды көздейді.
Жоба қабылданса, банктер мен төлем ұйымдары тіркелмеген шетелдік компанияға бір күнтізбелік тоқсан ішінде жасалған төлемдер туралы мәліметті салық органдарына екі шарт қатар орындалған жағдайда ұсынады:
- компанияның пайдасына тоқсан ішінде 100-ден астам төлем немесе аударым жасалса;
- сол операциялардың жалпы сомасы 1000 АЕК-тен асса.
Жоба мәтініне сәйкес, салық органдарына әр компания бойынша төлемдер мен аударымдардың жалпы сомасы беріледі. Ал жекелеген қазақстандықтардың нақты қандай тауар немесе қызмет сатып алғаны туралы ақпарат беру қарастырылмаған.
100-ден астам компания салық міндеттемесін орындамай отыр
Түзетулердің негіздемесінде Қазақстан тұтынушыларына электронды сауда арқылы тауарлар мен қызметтерді 200-250-ден астам шетелдік компания ұсынатыны көрсетілген.
Алайда олардың шамамен 120-сы ғана Қазақстанда шартты тіркеуден өткен.
Құжат әзірлеушілерінің мәліметінше, қазақстандықтарға тауарлар мен қызметтер сататын 100-ден астам шетелдік компания тіркелу және ҚҚС төлеу жөніндегі міндеттемелерін орындамай отыр.
Осыған байланысты салық органдарына екінші деңгейлі банктер мен төлем ұйымдарының деректері арқылы Қазақстан нарығында жұмыс істейтін, бірақ салық есебіне тұрмаған шетелдік маркетплейстер мен онлайн-сервистерді анықтау мүмкіндігін беру ұсынылып отыр.
Өзгеріс қашан күшіне енеді?
Түзетулер әзірге жоба күйінде. Егер олар заңнамалық тәртіппен мақұлданса, жаңа талаптарды 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізу жоспарланған.
Ұсыныстың негізгі мақсаты – Қазақстанда табыс тауып отырған шетелдік интернет-компанияларды салықтық міндеттемелерді орындауға тарту және отандық әрі шетелдік электронды сауда қатысушылары үшін тең жағдай қалыптастыру.
