Ұлттық қауіпсіздік комитеті Астана қаласы полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бұрынғы бастығы Ербол Махметовке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады.
ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, тергеудің мән-жайы мен Махметовке нақты қандай айып тағылып отырғаны әзірге жарияланбайды.
«Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес жария етуге жатпайды», — делінген ҰҚК жауабында.
Істің мән-жайы
Ербол Махметовтің ұсталғаны елорданың көші-қон қызметіне қатысты тағы бір қылмыстық іс туралы ақпарат тарағаннан кейін белгілі болды.
Бұған дейін Астана қаласы полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Әлия Мақаеваның ұсталғаны хабарланған. БАҚ-та оның заңсыз көші-қонды ұйымдастыруға және шетел азаматтарына Қазақстанда тұруға ықтиярхат рәсімдеуге қатысы болуы мүмкін екені айтылған.
Осы оқиғадан кейін ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде бұрын басқарма басшысы қызметін атқарған Ербол Махметовтің де тергеуге қатысы болуы мүмкін деген мәлімет тарады.
Әзірге Махметовке тағылған нақты айып және оның ісінің Әлия Мақаеваға қатысты тергеумен байланысы бар-жоғы ресми түрде хабарланған жоқ.
Тергеу жалғасып жатыр.
