Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ЖаңалықтарШоу-бизнес

«Қызымды шын сүйеді»: Мұхтар Жәкішев күйеу баласы туралы бар шындықты айтты

Facebook

Қазақстандық кәсіпкер Мұхтар Жәкішев жуырда ұзатқан қызы Алтынайдың тұрмысқа шығуына қатысты әсерлі жазба жариялап, күйеу баласы мен жаңа құдалары туралы пікір білдірді.

Кәсіпкердің айтуынша, 5 маусым күні үшінші қызы Алтынайдың ұзату тойы өтіп, бұл күн отбасы үшін ерекше оқиғаға айналған.

Жәкішевтің сөзінше, қызының таңдаған жары Карлмен қарым-қатынасы кездейсоқ басталмаған. Жастар бір-бірін алты жылдан бері таниды. Екі жыл бұрын Карл арнайы Алматыға келіп, болашақ қайын атасынан рұқсат сұраған.

«Карл маған ұнайды. Азаматтық ұстанымы дұрыс, мақсаты айқын. Ең бастысы – қызымды шынайы жақсы көреді», – деп жазды кәсіпкер.

Ол сондай-ақ үлкен қызының тұрмысқа шыққан кезін еске алып, сол уақытта түрмеде отырғанын айтты. Әке ретінде қызының қуанышына қатыса алмағанын жеткізген Жәкішев сол кезде тек хат жазып, ақ батасын жолдай алғанын атап өтті.

«Үлкен қызым ұзатылғанда мен түрмеде болдым. Әке ретінде тек хат жазып, ақ батамды жолдай алдым. Ол хат тойда оқылды. Ал бүгін бәрі басқаша», – деді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, өзі қамауға алынған кезде Алтынай небәрі тоғыз жаста болған. Соған қарамастан қызы өмірдегі қиындықтарды еңсеріп, білім алып, өз жолын тапқан.

«Ол менсіз есейді. Бірақ сынбады. Мектепті, кейін университетті аяқтады. Қазір кәсіби журналист әрі табысты модель ретінде қалыптасты», – деп жазды Жәкішев.

Әкесі қызының халықаралық деңгейде жетістікке жеткенін мақтан тұтатынын жасырмады. Оның сөзінше, Алтынай әлемдік брендтердің жарнамалық науқандарына қатысып жүр. Сонымен бірге кәсіпкер қызына ең қажет сәттерде жанынан табыла алмағанына өкініш білдірді.

Жәкішев әлеуметтік желілердегі ұлтаралық некеге қатысты пікірлерге де тоқталып, адамның ұлтына емес, адами қасиеттеріне мән беру керектігін айтты.

«Ұлттың жаманы болмайды. Жаман адамдар болады», – деді ол.

Кәсіпкер жаңа құдаларын да жоғары бағалайтынын жеткізді. Оның айтуынша, Ұлыбританияда ұзақ жылдардан бері тұрып жатқан құдалары өздерінің ұлттық тамырын ұмытпаған. Тойға олардың көпшілігі ұлттық киім киіп келген.

Сондай-ақ ол күйеу баласының әкесі Генри туралы да жылы лебіз білдірді. Жәкішевтің айтуынша, олар әлемдік экономика мен түрлі қоғамдық мәселелер төңірегінде әңгімелесіп, жақсы әсер алған.

«Карлдың отбасының қызыма деген ықыласы мен құрметіне ризамын», – деп түйіндеді Мұхтар Жәкішев.

Сәйкес жаңалықтар

ӘЛЕМ КУБОГІ: ШАҢҒЫШЫЛАР МЕДАЛЬСІЗ ҚАЛДЫ

bairakkz

Кәсіпкер балуан Азамат Дәулетбековке темір тұлпар мінгізді

bairakkz

Қазақстанда пәтер бағасы күрт қымбаттады

bairakkz