Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ӘлеуметЖаңалықтар

Құрбан айт пен экспорт сұранысы қой етінің бағасын қымбаттатты – вице-министр

Фото: shutterstock

Қазақстанда қой етінің бағасы соңғы айларда айтарлықтай өскенімен, қазіргі уақытта өңірлерде баға біртіндеп төмендей бастаған. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, маусым айының соңындағы күрт қымбаттаудан кейін қой етінің бағасы біршама тұрақтанған. Мәселен, Жетісу облысында қой етінің келісі шамамен 3800 теңгеден сатылса, республика бойынша орташа баға 4200 теңгені құрайды.

Ал Астанада қой етінің келісі бұған дейін 5500 теңгеге дейін жеткен болса, қазіргі таңда оның бағасы 5100 теңгеге дейін төмендеген. Сұлтанов бұл бағаны фермерлер үшін тиімді әрі әділ деп бағалады.

«Бұл мал өсірушілерге шаруашылықтарын кеңейтіп, мал басын көбейтуге мүмкіндік береді. Жалпы, бұл мал шаруашылығы саласының дамуына оң әсер етеді», – деді ол.

Вице-министрдің сөзінше, бағаның өсуіне бірнеше фактор әсер еткен. Соның бірі – Құрбан айт мерекесінің жазғы демалыс маусымымен тұспа-тұс келуі. Осы кезеңде халықтың етке деген сұранысы артып, әсіресе демалысқа шыққан азаматтар кәуап әзірлеу үшін етті көптеп сатып алған.

Бұдан бөлек, қой етіне сыртқы нарықтағы сұраныстың жоғары болуы да бағаның көтерілуіне ықпал еткен. Қазақстандық өнімге көрші мемлекеттер мен Шығыс елдерінде қызығушылық жоғары. Қазіргі таңда Парсы шығанағы елдері мен Африка нарығына экспорттау мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.

Соған қарамастан, ведомство Қазақстанда қой еті тапшылығы болмайтынын атап өтті. Осыған байланысты қой етінің экспортына шектеу енгізу жоспарда жоқ. Министрлік өкілдерінің пікірінше, нарықтағы баға алдағы уақытта біртіндеп тұрақталады.

Айта кетейік, елде жалпы ет өнімдерінің бағасы өсіп келеді. 2026 жылдың сәуір айындағы мәліметтер бойынша, қой еті бір жыл ішінде 23,5 пайызға, сиыр еті 20,9 пайызға, жылқы еті 14,5 пайызға және шошқа еті 13,7 пайызға қымбаттаған.

Сарапшылар мұны мал шаруашылығындағы шығындардың артуы мен өндіріс көлемінің төмендеуімен байланыстырады. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында Қазақстандағы ет өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,8 пайызға азайған.

Сәйкес жаңалықтар

КӨШ БАСЫНДА «ЖЕТІСУ»

bairakkz

Министр: Су тасқынына сақадай саймыз

bairakkz

ТАЛҒАР ТАЛАНТТАРДЫ ШЫҢДАЙДЫ

bairakkz