Бұқаралық футболды дамытпай кәсіби футболдың болашағы жоқ. Өскемендегі «Восток» стадионының қосалқы алаңы қолданысқа берілген салтанатты жиында Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов осылай деді.
Неше жылдан бері жөндеу көрмей, тозып тұрған нысанға биыл «Алаң» жобасы аясында жаңғырту жүргізілген. Жасанды төсеніші жаңартылған алаңның лентасы қиылды бүгін. Салтанатты шараға Қазақстан футбол федереациясының президенті Әділет Барменқұлов, футболдан ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесов қатысты.
Сонымен қатар алаңың ашылу рәсімінде жергілікті шенеуніктер де төбе көрсетті.
Біздің мақсат – жергілікті жердегі балалардың арасынан әлемдік деңгейдегі футболшылар шығару. Бұқаралық футболды дамыту арқылы кәсіби футболдың деңгейді көтеруіміз қажет. Қазір елімізде 1 млн 250 мыңнан астам бала осы спорт түрімен айналысады. Барлық футбол орталықтары лық толып тұр. Футбол академияларын ашып, оларды дамытқанша біраз уақыт керек. Сол үшін біз осындай жолды таңдадық, еліміздің өңірлеріндегі ескірген алаңдарды қайта жаңғырту арқылы бұқаралық футболды дамытамыз, – деді Әділет Барменқұлов.
Қазақстан футбол федерациясының «Алаң» жобасы арқылы бір жылда елімізде 70 алаңды жаңғырту жоспарланған. Оның 20-сы стадионы жоқ жасыл алаң болса, қалғаны заманға сай жаңғыртылатын бұрыннан бар футбол алаңдары. Бірақ бюрократиялық кедергілер мен тиісті құжаттардың дайын болмай қалуынан жыл соңына дейін 50 алаңды жаңғыртып, іске қоссақ оның өзі үлкен олжа деп отыр федерация өкілдері. Сол елудің бірі осы Өскемендегі алаң.
Бұл жоба былтырдан бері жалғасып келеді. Бір жылда 50 алаңды қолданысқа беру деген бұрын-соңды қазақ футболының тарихында болмаған. Ең қызығы, осы Италияда жасалған мына сапалы жасанды көгалды қалай алдық? Кімнің ақшасына алдық? Мәселен, мына тұрған қосалқы алаңды жаңғырту үшін 130 миллионнан астам теңге жұмсалды. Бұл ақшаны кім берді? Мемлекеттен бөлінген шығар деп ойлауыңыз мүмкін, бірақ олай емес. Жобаға қаражатты демеушілер беріп отыр, – деді Қазақстан футбол федерациясының баспасөз хатшысы Ермұхамед Мәулен.
Баспасөз хатшысының айтуынша, «Алаң» жобасының негізгі демеушісі 1ХBET компаниясы болғанмен аты-жөнін жария еткісі келмеген тағы бірнеше кәсіпкер бар, олар да осы игілікті іске қаржылық қолдау көрсетіп отыр.