Бішкектің Бірінші май аудандық сотында қоғамда «75 іс» деген атаумен белгілі қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысы өтті.
Қырғызстандық Kaktus.media басылымының мәліметінше, сот жарыссөздері барысында мемлекеттік айыптаушылар барлық айыпталушыға, соның ішінде Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиевке де 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Бұл іс бойынша Ташиевтен бөлек Қырғызстанның бұрынғы Бас прокуроры Құрманқұл Зулушев, Жогорку Кенештің бұрынғы төрағасы Нұрланбек Шәкиев, сондай-ақ Бекболот Талғарбеков, Курсан Асанов, Құрманбек Дыйқанбаев, Аалы Қарашев және Эмиль Ұзақбаев секілді бірқатар бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалар айыпталуда.
Прокурорлар жарыссөзін аяқтағаннан кейін сөз қорғаушы тарапқа берілді. Қамшыбек Ташиев мемлекеттік айыптаушыларды тағылған айыптардан бас тартуға шақырғанымен, прокурорлар бұл ұсынысқа жауап бермеген.
Тергеу «75 адамның хаты» деп аталған оқиғаға байланысты жүргізіліп жатыр. Биыл ақпанда 75 азамат Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа үндеу жолдап, мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді талап еткен болатын. Осыдан кейін елде бірқатар кадрлық өзгерістер орын алды.
Соның нәтижесінде Қамшыбек Ташиев қызметінен босатылып, бірнеше жоғары лауазымды тұлға орнынан кетті. Ал хатқа қол қойғандардың бір бөлігі қамауға алынып, оларға жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айып тағылды.
Бұған дейін президент Садыр Жапаров Ташиевтің хат авторларымен кездескені туралы ақпаратты жоққа шығарып, бұрынғы ҰҚМК басшысының мемлекеттік қызметке қайта оралмайтынын мәлімдеген еді.
Қырғызстан билігінің мәліметінше, кезекті президент сайлауы жоспарланғандай 2027 жылдың қаңтарында өтеді.
Еске салайық, Қамшыбек Ташиев биыл ақпанда Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы қызметінен босатылды. Сол кезде ол Германияда ем қабылдап жатқан болатын. Президент әкімшілігі бұл шешім мемлекет мүддесі мен елдегі қоғамдық тұрақтылықты сақтау мақсатында қабылданғанын хабарлаған.
