Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы мектеп оқушылары арасындағы кикілжіңге байланысты жиын өткізіп, баланы ұрып-соғу фактісі бойынша егжей-тегжейлі қызметтік тергеу жүргізуді тапсырды, деп хабарлады bairak.kz.
Қазіргі таңда оқушының соққыға жығылуына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның шешімімен жанжалға қатысқан төрт оқушыны арнайы мектепке жіберу ұсынылды. Сонымен қатар бала тәрбиесіне немқұрайлы қарағаны үшін олардың ата-аналарын ата-ана құқығынан айыру туралы талап-арыз берілді. Әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша оқушылардың заңды өкілдері жауапқа тартылды. Жәбірленушіге облыстық психологиялық қолдау орталығының мамандары көмек көрсетіп жатыр.
Облыс әкімі жиын барысында мұндай оқиғалардың қайталанбауы үшін алдын алу жұмысын күшейтуді тапсырды.
Облыстағы барлық мектеп қатаң бақылауда болуы тиіс. Білім басқармасы құқық қорғау органдарымен бірге оқушылармен және олардың ата-аналарымен түсіндірме жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажет. Өңірдегі мектептердің қауіп-қатер картасы жасалып, осындай жағдайлар кезінде жедел әрі үйлесімді әрекет етуге арналған нақты іс-шаралар алгоритмі дайын болуы керек, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар облыс әкімі оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс жүргізіп, жауапты тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.