Ақмола облысында Щучинск – Бурабай автожолында туристерді тасымалдаған автобус пен жеңіл көліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
Оқиға 14 маусым күні сағат 13:10 шамасында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Астана – Бурабай бағытымен келе жатқан Volvo автобусы қолайсыз ауа райы салдарынан қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Нәтижесінде автобус Changan маркалы жеңіл көлікпен соқтығысқан.
Соққыдан кейін автобус инерциялық қозғалыспен жол жиегіндегі ағашқа барып соғылған.
Полицияның мәліметінше, жол апаты кезінде автобуста курорттық аймаққа демалуға бара жатқан жолаушылар болған.
Апат салдарынан жалпы 11 адам зардап шекті. Оның ішінде 9 адам – автобус жолаушысы, ал 2 адам – Changan көлігінің ішінде болған азаматтар.
Қазіргі уақытта зардап шеккендердің жағдайы нақтыланып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында полиция тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Ақмола облысы полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды ауа райы қолайсыз кезде жылдамдық режимін сақтауға және қауіпсіздік шараларын қатаң ұстануға шақырды.
