Шымкент қаласында 11 ақпан күні болған қайғылы оқиғаға қатысты жаңа деректер жарияланды. Оқиға 11-шағын аудандағы көпқабатты үйлердің ауласында болған. Қар басқан ағаш бұтағы құлап, №36 орта мектептің 4-сынып оқушысы жедел жәрдем келгенше оқиға орнында көз жұмған.
Куәгерлердің айтуынша, баланың анасы жұмыста болған, ал ол аулада досымен ойнап жүрген. Ағаш құлаған сәтте жанындағы бала қорқып, қашып кеткен. Көшедегі адамдар дереу көмекке ұмтылғанымен, оқушыны аман алып қалу мүмкін болмады.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, алдын ала болжам бойынша, ойын кезінде бала үстіне қалың қар жиналған ағаш бұтақтарын өзіне қарай тартқан. Соның салдарынан қар сырғып түсіп, артынан ағаш құлаған.
Қайғылы жағдайдан кейін коммуналдық қызметтер аталған аумақтағы ағаштарды кесіп, қар тазалау жұмыстарын жүргізді. Қазіргі уақытта полиция тергеу амалдарын жалғастырып жатыр.
Қала әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Әкімдік қаза тапқан баланың отбасына материалдық және психологиялық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
