Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Аймақ

«Таза Қазақстан» акциясына 160 мыңнан астам жетісулық қатысты

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Жетісу облысында белсенді түрде ұйымдастырылып, тұрғындар тарапынан зор қолдауға ие болды. Бүгінгі күннің өзінде жалпыұлттық тазалық шарасына облыс бойынша 160 мыңнан адам атсалысты.

11 шілде күні Жетісу облысы жастарының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы және «Игі істер»  марафоны аясында «Жинаquest» атты экологиялық квест өткізілуде. Шараға белсенді жастар, эковолонтерлер, қала тұрғындары мен қонақтары – жалпы 100 адам қатысты. Жаңашыл форматтағы шараның мақсаты – жастар мен жасөспірімдерге қоршаған ортаның, табиғаттың тазалығы қаншалықты маңызды екенін көрсете отырып, өз үлестерін қосуға ықпалдасу. Эко-квест шарасына 16-35 жас аралығындағы өңір жастары мен эко-белсенділерден құралған командалар қатысты. 5 локация бойынша өтетін ойын Талдықорған қаласының аумағын қоқыстан тазалаумен қатар, шапшаңдық пен ұтқырлыққа тәрбиелейді. Қатысушы командалар белгіленген орынды тазалап, ең көп қоқыс шығарудан бәсекеге түсіп, сонымен қатар ойын барысында танымдық сұрақтарға жауап беріп түрлі кедергілерден өтеді. Викториналық сұрақтар Жетісу өңірінің тарихы, табиғи маңызды орындары мен киелі жерлері туралы қойылды.

«Жетісу жастары» КММ директоры, облыстық мәслихат депутаты Еркебұлан Ақболатов: «Тазалық шараларын үйреншікті сенбілік сияқты емес, жаңа форматта өткізу жастардың қызығушылығын арттырып, оларды табиғатты қорғауға жұмыла кірісуге үндейтіні анық. Осы арқылы жаңа буын өкідері арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыра алатынымызға сенімдімін», — деп пікірін білдірді.

Сонымен қатар Көксу ауданында да «Таза аула» және «Таза көше» байқауларының қорытынды күні өткізілуде. Республикалық акция аясында жарияланған байқау аталмыш ауданның барлық 10 ауылдық округінде ұйымдастырылған болатын. Ендігі кезекте ауқымды аудандық сенбілік ұйымдастырылып, соңында ең таза көшелер мен таза аулалар анықталды. Ең таза аулаларға арнайы тақтайшалар ілініп, аула тұрғындары бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Көксу аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Бәзілов: «Ел деңгейінде өткізіліп жатқан ауқымды тазалық акциясы – аса маңызды науқан. Жастар ғана емес, аға буын – ардагерлердің, орта буын – ел ағаларының, жас ұрпақтың иық тіресуімен бірге атқарылып жатқан тазалық шаралары туған елге деген шынайы сүйіспеншіліктің дәлелі іспеттес. Көктемнен бері жұмылып жұмыс істегеннің арқасында туған ауылымыз қайта түлеп, жаңа кейіпке енді. Бар игіліктің бастауы – тазалықта. Осыны әр қазақстандық ұғынса деймін», — дейді.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бастау алғаннан бері өңір спортшылары айрықша белсенділік танытуда. Әлеуметтік желілер мен интернет-платформаларда спортшылардың өңір тұрғындарын тазалыққа үндеген мотивациялық бейнеролигі кеңінен таралуда.

Ақмолда Сайрамкез, ауыр атлетикадан әлем чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері: «Спортта да, ел табиғатын аялауда да ортақтық бар – екеуінде де жауапкершілік пен патриоттық рух аса маңызды рөл атқарады. Дәл сол себепті біз «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына бірлесіп үлес қосуымыз керек деп есептеймін», — дейді ой қосып.

Сонымен қатар ағынды Ақсу өзені мен  тұмса табиғатқа ие Жалаңаш көлінің жағалауында 100 адамның қатысуымен тазалық жұмыстары жүргізілуде.

«Алакөл Экосистема» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Күлдария Бектемісова: «Әр адам өзінен бастағанда ғана игі іс нәтиже бермек. Табиғатты аялау тұтас ұлттың, оның ішінде Отанын сүйген әр азаматтың қасиетті борышы. Табиғат-Ана біздің өңірімізге сонша әсемдікті дарытқан. Сол мекендерді аялап, келер ұрпаққа жеткізу үшін дәл осындай акциялар бізге қажет», — деген пікірде.

Атап өтсек, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Жетісу облысында жалпы 1183 техника жұмылдырылып, 6337 тонна қоқыс шығарылды, 2226 км арық желісі тазаланды. Сонымен қатар 25 826 м2 автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс аумағында акция кезінде 29 514 түп көшет отырғызылды.

Аталған жұмыстар облыстың әр аумағын қамтып, жыл соңына дейін жалғасын таппақ.

 Облыстық қоғамдық даму басқармасының мәліметі бойынша дайындалды.

Фотосуреттерді облыстық қоғамдық даму басқармасы ұсынды.

Сәйкес жаңалықтар

Үкімет 2024 жылғы 17 мамырдағы қаулысымен Маңғыстау облысының шекарасын өзгертті

Ришат

Жетісу облысында шенеунік жұмыс істемей тұрған әжетхана үшін сотталды

bairakkz

Qarmet-тен жанармай ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

bairakkz