Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ЖаңалықтарОқиғалар

«Той жасау үшін алды ма?»: Ұлдана Мырзуанның анасы 20 млн теңгеге қатысты күдігін жасырмады

Фото: скриншот

23 жасында қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима қызының қазасынан кейін болған жағдайлар туралы айтып, күйеу баласының әрекеті мен 20 миллион теңгеге қатысты мәселеге пікір білдірді.

Сәлима журналист Руслан Есмағамбетовке берген сұхбатында қызының өлімінен кейін отбасы үшін ауыр кезең басталғанын жеткізді. Оның сөзінше, күйеу баласы Әділет Ұлдананың қазасынан кейін сегіз ай өтпей жатып қайта шаңырақ көтерген. Бұл туралы ол күйеу баласының өзінен емес, әлеуметтік желіден білген.

Анасы күйеу баласының қайта үйленуіне қарсылығы жоқ екенін, алайда бұл жаңалықтың өзіне алдын ала айтылмағаны көңіліне қатты тигенін айтты.

«Мен оның үйленгеніне қарсы емеспін. Маған батқаны — оның аз уақыт ішінде қызымды ұмытып кеткені мен маған бір ауыз айтпай, адамгершілік танытпағаны. Сондағы “анаңыздай көремін” дегені қайда? Заң бойынша болса да, адамда адамгершілік қасиет болуы керек қой», — деді Сәлима.

Марқұмның анасы сұхбат барысында Ұлдананың артында қалған дүние-мүлік пен шамамен 20 миллион теңге көлеміндегі зейнетақы жинағына қатысты мәселені де қозғады.

Сәлиманың айтуынша, күйеу баласы қажетті құжаттарды нотариус арқылы рәсімдеп, зейнетақы жинағына қатысты шаруаларды жеделдетуге тырысқан. Бұл жағдай ананың көңіліне күдік ұялатқан.

Ол күйеу баласының өзіне жазған соңғы хабарламаларының бірін де еске алды.

«Мама, бүгін тіліктің бәрін бітірейік, ертерек бітірейік», — деген хабарлама келгенін айтты ол.

Сәлима осыдан кейін күйеу баласының қаржылық мәселелерді не себепті асығыс реттеуге тырысқанын түсіне алмағанын жеткізді. Сондай-ақ ол бұл қаражаттың кейінгі үйлену тойына қатысы болуы мүмкін бе деген күдігі туғанын айтты. Алайда мұның ананың күдігі екенін және қаражаттың нақты қандай мақсатқа жұмсалғаны туралы сұхбатта дәлел келтірілмегенін атап өткен жөн.

Қызының қазасынан кейінгі оқиғаларды еске алған ана үшін ең ауыр мәселе ақша немесе мүлік қана емес, жақын адамынан айырылғаннан кейін күйеу баласымен арадағы қарым-қатынастың өзгеруі болған.

Сәлима заңдық мәселелерден бөлек, адамгершілік пен марқұмның жақындарына құрмет көрсету маңызды екенін айтып, күйеу баласының кейбір әрекеттерін әлі күнге дейін түсіне алмайтынын жеткізді.

Сәйкес жаңалықтар

Қытайдағы этникалық қазақ қызы Азиада чемпионы атанды

bairakkz

Қазақстанда жаңа буын инженерлері даярлануда

bairakkz

Ұлытау облысында 15 лауазымды тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды

bairakkz