Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ӘлеуметБасты ақпаратЖаңалықтар

Қазақстанда қандай көліктер сұранысқа ие?

Фото: energyprom.kz

Қазақстанда жаңа автокөліктерге сұраныс сақталып отыр. 2026 жылғы қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша елімізде 127 260 жеңіл және коммерциялық автокөлік сатылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7%-ға жоғары.

Тек шілде айының өзінде ресми дилерлер 21 371 автокөлік өткізді. Бір жыл бұрынғы шілде көрсеткішімен салыстырғанда сатылым 5,9%-ға артқан.

Қазақстанның Автокөлік Одағының мәліметінше, шілдедегі сатылым бойынша Hyundai көш бастады. Бір айда брендтің 3 712 автокөлігі сатылып, өткен жылғы көрсеткіш шамамен сақталды.

Екінші орынға 2 855 автокөлікпен Chevrolet жайғасты. Дегенмен брендтің шілдедегі сатылымы бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 29,5%-ға төмендеген.

Үздік үштікті Kia түйіндеді. Компания дилерлері шілдеде 2 492 көлік сатып, сатылымын 14,8%-ға арттырған.

Ал төртінші орынға Changan көтерілді. Брендтің бір айдағы сатылымы 2 456 автокөлікті құрады. Бұл өткен жылдың шілдесімен салыстырғанда 171,7%-ға көп.

Бестіктегі соңғы орын Chery-ге тиесілі. Шілдеде 1 543 көлік сатылған. Нәтижесінде брендтің сатылымы бір жылда 35,6%-ға өскен.

Шілдеде ең көп көлік сатқан ондыққа сондай-ақ Jetour (1 129), Toyota (1 019), JAC (994), Geely (868) және Haval (864) кірді.

Қай модельдер көп сатылды?

Жекелеген модельдер арасында шілде айының көшін Chevrolet Cobalt бастады. Бір айда бұл көліктің 2 682 данасы сатылған.

Екінші орынға 1 851 автокөлік нәтижесімен Hyundai Tucson орналасты. Ал Changan CS35 MAX 1 070 дана сатылып, алғаш рет ең танымал үш модельдің қатарына енді.

Үздік бестікке Kia Cerato мен Kia Sportage те кірді. Шілдеде дилерлер 1 031 Kia Cerato және 820 Kia Sportage көлігін өткізген.

Жеті айдың қорытындысы бойынша брендтер рейтингі біршама өзгеше қалыптасты. Hyundai 20 959 автокөлікпен бірінші орында тұр. Алайда оның сатылымы былтырғы қаңтар-шілде кезеңімен салыстырғанда 24,7%-ға азайған.

Екінші орында – Chevrolet. Бренд 20 441 көлік сатып, сатылымын 17,8%-ға арттырды. Үшінші сатыдағы Kia 14 824 автокөлік өткізген, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 9,9%-ға жоғары.

Changan жеті айда 11 927 көлік сатып, сатылымын екі еседен астам – 101,8%-ға ұлғайтқан. Chery 9 686 көлікпен үздік бестікті түйіндеді.

Одан кейін Haval – 7 590, Jetour – 6 903, JAC – 5 739, Toyota – 5 016 және Geely – 3 794 автокөлік нәтижесімен орналасқан.

Қазақстанда биыл 190 мың автокөлік шығару жоспарланған

Елімізде автокөлік өндірісі де өсіп келеді. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың мәліметінше, соңғы бес жылда салаға шамамен 457 млрд теңге инвестиция тартылған.

2025 жылы Қазақстанда 171 мыңнан астам автокөлік шығарылып, өндіріс көлемі 18%-ға өскен. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында 94 400 көлік өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 35%-ға жоғары.

Биыл өндіріс көлемін тағы 11%-ға арттырып, 190 мың автокөлік шығару жоспарланып отыр.

Министрдің айтуынша, отандық автомобиль өнеркәсібін дамыту үшін бірнеше бағытқа басымдық берілмек. Соның ішінде автокомпоненттер өндірісін жолға қою арқылы локализация деңгейін арттыру, көліктердің халық үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету, автонесиелеу мен лизинг тетіктерін жетілдіру бар.

Сонымен қатар электр және гибридті көліктер өндірісін дамыту, зарядтау инфрақұрылымын кеңейту, импорт кезінде заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және автокөлік пен автокомпоненттердің сапасын ел ішінде тексеруге мүмкіндік беретін зертханалық база құру жоспарланған.

Осылайша, Қазақстанның автонарығында бәсекелестік күшейіп, тұтынушылар үшін таңдау мүмкіндігі артып келеді. Сатылым көрсеткіштерімен қатар, отандық өндірістің көлемін ұлғайтуға да басымдық берілуде.

Сәйкес жаңалықтар

Келесі жылы зейнетақы және жәрдемақы қаншаға өседі?

bairakkz

«Халықтан үлкен емессің»: Сәкен Майғазиев ағасының қазасы туралы гастрольдік сапарда жүріп естіген

bairakkz

Әр адамның дауысы маңызды

bairakkz