Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот процесі басталды. Іс бойынша алты адам жәбірленуші деп танылған.
Олардың арасында марқұмның анасы Сәлима Ешенқұлова мен бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел де бар. Алайда сотқа келген Зейнелдің адвокаты оның жәбірленуші мәртебесінен Ұлдананың анасының пайдасына бас тартуға ниетті екенін мәлімдеді.
Сотқа келді, бірақ журналистердің сұрағына жауап бермеді
Әділет Зейнел сот отырысына өзі келді. БАҚ өкілдері одан алдағы сот процестерінің барлығына қатыса ма деп сұрағанымен, ол жауап бермей, журналистермен сөйлесуден бас тартты.
Оның адвокаты Мұрат Мауметов тараптың ұстанымы сот барысында айтылатынын жеткізді. Кейін қорғаушы Зейнелдің жәбірленуші мәртебесінен бас тартатынын мәлімдеді.
«Біз бас тарттық. Өтініш әлі берілген жоқ, бірақ оны беруге дайындалып жатырмыз. Әділет Ұлдананың анасының пайдасына жәбірленуші мәртебесінен бас тартады», – деді адвокат.
Бұған дейін Ұлдананың анасы Сәлима Ешенқұлова да бұрынғы күйеу баласының жәбірленуші мәртебесінен бас тартуын талап еткен еді.
Әділет Зейнелдің жаңа некесі қоғамда талқыланды
Ұлдана Мырзуан қайтыс болғаннан кейін Әділет Зейнелдің қайта үйленуі әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, сынға ұшырады. Осы жағдайдан кейін марқұмның анасы бұрынғы күйеу баласының қылмыстық іс бойынша жәбірленуші ретінде қалуына қарсылық білдірген.
Ал Зейнелдің адвокаты оның қайта отбасын құруы – жеке өміріне қатысты шешім әрі заңмен берілген құқығы екенін атап өтті.
Сондай-ақ бұған дейін адвокат Ұлдананың отбасы мен Зейнел арасында болған қаржылық және мүліктік мәселелердің шешілгенін мәлімдеген.
Іс бойынша алты адам жәбірленуші деп танылған
Жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрсұлтан Орынбековтің мәліметінше, іс бойынша барлығы алты адам жәбірленуші мәртебесін алған. Олардың қатарында Ұлдананың анасы, бұрынғы күйеуі және фасад пен кондиционердің құлауы салдарынан зардап шеккен басқа адамдар бар.
Әзірге жәбірленуші тарап азаматтық талап арыз бермеген.
Адвокаттың айтуынша, Ұлдананың отбасы айыпталушы тараппен сөйлесуге дайын. Алайда осы уақытқа дейін кездесуге немесе кешірім сұрауға қатысты ұсыныс түспеген.
МИБ төрайымы сот алдында жауап беріп жатыр
Іс Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралып жатыр. Сот процесін судья Меруерт Абаева жүргізуде.
Айыпталушы орындығында қайғылы жағдай болған тұрғын үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязова отыр.
Оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 254-бабының 1-бөлігі – «Міндеттеріне адал қарамау» бойынша айып тағылған.
Нұрсұлтан Орынбековтің сөзінше, МИБ төрағасының заңда көзделген міндеттері болған.
«МИБ төрағасы ақауларды жою үшін әкімдікке ескерту жасап, тиісті ұсыныстар беруі керек еді. Бірақ мұндай әрекеттер болмаған. Істің барлық мән-жайын қазір жариялай алмаймыз. Сот барысында бәрі белгілі болады», – деді адвокат.
Жәбірленуші тарап тергеу жұмыстарына көңілі толатынын да жеткізген.
Сараптамалар не көрсетті?
Тергеу барысында тұрғын үйдің қасбеті мен кондиционердің орнатылуына байланысты бірнеше сараптама жүргізілген.
Жәбірленуші тарап адвокатының айтуынша, сараптама қорытындылары оқиға мен оның салдары арасындағы себеп-салдарлық байланысты анықтаған.
Сонымен бірге кондиционерді орнатқан мердігердің немесе басқа тұлғалардың жауапкершілігі бар-жоғы сот барысында талқыланбақ.
МИБ төрағалары айыпталушыны қолдауға келді
Сот басталар алдында ғимарат алдына бірқатар МИБ төрағалары жиналып, айыпталушы әріптестеріне қолдау білдірді.
Олар қайғылы оқиға үшін барлық жауапкершілікті МИБ басшысына жүктеуге болмайды деп санайды. Олардың пікірінше, үйді салған құрылыс компаниясы мен кондиционерді орнатқан тұлғалардың әрекеттеріне де құқықтық баға берілуі керек.
МИБ төрайымы Светлана Кузнецова кондиционер талапқа сай орнатылмаған болуы мүмкін деген пікір білдірді. Оның сөзінше, құрылғы көтергіш қабырғаға жеткілікті деңгейде терең әрі берік бекітілсе, кірпіштің бір бөлігі опырылған жағдайда да кондиционер құламауы мүмкін еді.
Ол сондай-ақ МИБ төрағасының көпқабатты үйдегі құрылыс пен тұрғындар кейіннен орнатқан барлық жабдықтың ақауын өздігінен анықтауы мүмкін емес екенін айтты.
Сот процесі тікелей эфирде көрсетіледі
Жәбірленуші тарап сот отырыстарын онлайн көрсетуді сұрады. Процестің басқа қатысушылары, соның ішінде айыпталушы тарап пен мемлекеттік айыптаушылар бұған қарсылық білдірмеді.
Судья өтінішті қанағаттандырды.
Осылайша, Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты ашық сот отырыстарының барысын Қазақстан Жоғарғы сотының ресми YouTube арнасынан тікелей эфирде көруге болады. Ал келесі отырыстардың уақыты мен ресми ақпарат Жоғарғы соттың ақпараттық ресурстарында жарияланбақ.
Ұлдана Мырзуан қалай қаза тапты?
Қайғылы оқиға 2025 жылғы 8 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік даңғылында болды.
Тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып түсіп, бірнеше адам зардап шекті. Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы шақырылған.
23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін оқиға орнына келген. Жақындарының айтуынша, ол зардап шеккен адамдарға көмектесуге ұмтылған кезде үстіне кірпіштер мен кондиционердің бекітпесі құлаған.
Ұлдана аса ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оған күрделі операция жасап, бірнеше күн бойы өмірі үшін күресті.
Алайда 18 қарашада жас фельдшер ауруханада көз жұмды.
Қайғылы жағдайдан екі апта бұрын ғана шаңырақ көтерген
Ұлдананың қазасынан кейін Әділет Зейнел олардың қайғылы оқиғадан шамамен екі апта бұрын ғана шаңырақ көтергенін айтқан еді.
Сол кезде ол әлеуметтік желілерде жарына арнап эмоционалды жазбалар жариялап, ешқандай марапат немесе жұбату сөзі сүйікті адамын қайтара алмайтынын жеткізген.
Сондай-ақ істің әділ тергелуін және қайғылы жағдайға кінәлі адамдардың заң алдында жауап беруін талап еткен.
Ұлдана Мырзуан «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды
Ұлдана Мырзуанның қазасы қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.
Астана әкімдігі марқұмның отбасына материалдық көмек көрсетілетінін, жерлеуге кеткен шығындар өтеліп, сақтандыру және заңда қарастырылған әлеуметтік төлемдер берілетінін хабарлаған.
Кейін Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының ғимаратына Ұлдана Мырзуанның құрметіне мемориалдық тақта орнатылды.
Ұлдана білім алған «Даналық» медициналық колледжінде оның есімі берілген арнайы аудитория ашылды.
Сондай-ақ туған жері – Түркістан облысы Жетісай ауданындағы Үтіртөбе ауылында жергілікті тұрғындардың бастамасымен ескерткіш тақта қойылды.
Іс бұған дейін басқа баптармен де тергелген
Қайғылы оқиғадан кейін полиция бастапқыда Қылмыстық кодекстің 278-бабы – «Сапасыз құрылыс» бойынша қылмыстық іс қозғағаны хабарланған.
Кейін тергеуде қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін жұмыстарды орындауға қатысты Қылмыстық кодекстің 306-бабы да аталған.
Қазір сотта МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты іс Қылмыстық кодекстің 254-бабының 1-бөлігі бойынша қаралып жатыр.
Сот барысында тұрғын үй қасбетінің жағдайына, кондиционердің орнатылуына және қайғылы оқиғаның туындауына нақты кімдердің әрекеті немесе әрекетсіздігі себеп болғанына құқықтық баға беріледі деп күтіледі.
«Сот барысында бәрі белгілі болады», – деді жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрсұлтан Орынбеков.
