Түркістан облысында волейбол жарысына бара жатқан 8-сынып оқушылары отырған көлік жол апатына ұшырап, үш жасөспірім қаза тапты. Қайғылы оқиға Шардара–Байырқұм тас жолында болған. Бұл туралы «Информбюро» бағдарламасы хабарлады.
Апат салдарынан жеңіл көлікте отырған 14 жастағы жасөспірім оқиға орнында көз жұмған. Кейін тағы екі оқушының қаза тапқаны белгілі болды. Қайтыс болған балаларды туыстары 24 сәуір күні жер қойнына тапсырды.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқушылар мінген Chevrolet Cobalt көлігіне қарсы бағытта жоғары жылдамдықпен келе жатқан КамАЗ соғылған. Соққыдан кейін жеңіл көлік аударылып, қатты зақымданған.
Марқұмдардың бірі оқыған мектептің мұғалімі Айдана Тұрсынова оқушылардың спортқа ерекше ынталы болғанын айтты:
«Осы жарысқа баратынның алдында апай, біз міндетті түрде жеңіп келеміз деп күліп айтып кеткен еді. Оқушыларым спорт саласына өте қызығатын. Мектепішілік, аудандық жарыстардан жүлделі орындар алып жүретін. Үнемі күліп жүретін балалар еді», – деді ол.
Белгілі болғандай, 8-сынып оқушыларынан құралған команда жарысқа екі көлікпен шыққан. Бір көлік апатқа ұшыраса, екіншісіндегі сегіз бала аман қалған.
Көлік тізгінінде болған 34 жастағы жаттықтырушы ауыр жарақат алып, қазіргі таңда ауруханада жатыр.
Түркістан облыстық полиция департаменті өкілдерінің мәліметінше, балаларды тасымалдау туралы құзырлы органдарға алдын ала хабар берілмеген.
«Қазіргі таңда жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған іс-шаралар жүргізілуде. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – деді департамент бастығының орынбасары Бауыржан Зиятов.
Полиция жүк көлігінің жүргізушісін қамауға алып, қылмыстық іс қозғаған.
Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысында да адам өліміне әкелген жол апаты тіркелген. 2025 жылдың тамыз айында «Астана–Петропавл» тасжолында жүргізуші жылдамдықты асырып, телефонға алаңдауы салдарынан қарсы жолаққа шығып, жол апатын жасаған. Оқиға салдарынан төрт адам қаза тауып, бірнеше жолаушы жарақат алған.
