Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

Журналист «Қазспорт» комментаторларын сынап тастады

Журналист Серік Ноянбайұлы «Астана» — «Маккаби» матчын жүргізген «Қазспорт»  телеарнасының комментаторларын сынға алды.

fb_img_1508572052197

«Астана» өз алаңында «Маккабиді» ойсырата ұтты. Қош! Елордалық клубтың бұл Еурокубоктік ойындардағы ең ірі жеңісі. Құттықтаймыз! Алайда, Қазспорт арнасынан осы матчты тамашалап отырып, мен аңғарған сорлылықтардың тізімі мынадай:

1) Қазақ тілді сапалы комментаторлардың тапшылығы біздің байырғы сырқат. Әзірге емі жоқ… Матчты қазақша жүргізіп отырған комментатор «Астанада ауа-райы салқындау… Бірақ, жаңа ғана «Астана-Аренаның» шатырын жапты» деп ойын басында бірден лағып кетті. Осыдан-ақ, оның тіл байлығының таяздығын, сөз саптауының салақтығын аңғарамыз. Жаттап алған алты ауыз футбол терминін, 90 минут бойы мың қайталап созбақтады. Бір-біріне доп берген елордалық ойыншыларды «әріптестеріне пас асырды» дегенді қайталай береді. Стадиондағы тартымды ойынды, теледидарда тірідей күйінде жеткізе алмауы мезі етті. Әр футболшыны нөмірінен, түрінен түстеп тани алмаса, «Қазспортта» неге отырсыңдар?! Орыс тілді комментатордың да жырғап отырғаны шамалы. Жетісіп матч барсын талқылай алмайды, сараптама жоқ. Тек көріп отырғанын суреттеумен ғана шектелді, матчқа қатысы жоқ деректерді де айтып жүз сүрінді. 90-минут бойы, эфирге маман ретінде келген, футболшы Әли Әлиев тығырақтан шығарды әйтеуір екеуін. Дөп айтады, ойынды ұғынықты түрде сипаттайды. Тілі жатық, ойы тиянақты! Дегенмен, алаңда біздің қақпаға «Маккаби» қауіпті шабуыл басталған сәтте, үшеуі қайдағы бір жоқ тақырыпты қаузап отырғанын тағы аңғардым. Тұнып тұрған Қазақша ДРАМА! Ал, көтерем аттай екі КОММЕНТАТОР тікелей эфирді жалпы сүйреп жарытпады.

2) Қос комментатордың дауыс ырғағы…
Құлаққа жағымсыз, жүйкені тез шаршатады. Орыс тілді комментатор, ресейлік әріптестеріне ұқсағысы кеп, дауысын құбылтуға тырысады. Бірақ, жалған үнін дереу аңғарасыз. ХАЛТУРА! Қазақша жүргізген азаматтың интонациясы қаралы кеште отырғандай күңіренеді. Бәрі жасанды! Өлімсіреп әрең сөйлейді. Қандай әдемі голдар соғылды, жақсы комбинациялар жасалып жатыр.
Гооооол..! Екеуі де дауысты О дыбысын созып айтқаннан көрерменді кайфқа бөледім деп ойлайды. Доп соғылған сәттен санаулы секундтар өте сала, жаңағы жарқын екпін лезде жоғалады… Үндері бәсеңдеп, баяғы шорқақ аттың желісіндей сорлы мақамға қайта түседі. Екеуі бұл матчтың қазақстандық футбол жанкүйерлері үшін тариxи сәт, жеңіс атмосферасы екенін ұқпайды. Микрофон алдында тез-тез сарнап, ақшамды алып үйге қайқайсам деп тұрғандай… Дыбыстарды да анық айта алмайды, дауыстары қойылмаған. Менің түсінігімде комментатор — спорттық атмосфераны жан-дүниесімен сезініп, шынайы эмоциясын көрсете алатын кіші-гірім әртіс болуы тиіс! Бұл тұста белгілі комментаторлар Ермұхамед Мәулен мен Есей Жеңісұлының шеберлігін атап өту қажет. Ермұхамед әзілді, мақал-мәтелді, өлең ұйқастарын матчқа керемет үйлестіре алады. Ортаңқол матч оның жүргізуінде тартымды ойынға айналатын. Есей ағамыздың сөз саптауы, тілінің құнарлығы, футбол терминдеріне қазақша баламаларды таба білуі көрерменді разы ете алады. Ермұхамед Мәулен мен пен Асхат Сағынаевтың дауыстары жағымды. Есей ағамыздың қоңыр үні де құлаққа жағады.

3) Қос комментатордың кәсіби «багажы» тым жұтаң.
Спорттық сайттар жазған, күні бұрынғы жайдақ ақпаратты қайталап берсе болды. Өздерін білгіш санайды… Біліктілікті шыңдамайтындықтары, ізденіс жоқ екені көрініп тұр. Екеуінің жүргізуі, жұрттан әрең сүйретіле шыққан кедейдің көшіне ұқсап, тамаша матчтың фонына үйлеспейді. Жанкүйердің айызын қандырып футболшылар мен клубты мақта, әр ойыншы туралы қызықты фактілерді келтір… Мұндай жеңіс күнде болып жатқан жоқ. Жалғыз республикалық спорттық арнада тікелей эфирдің тізгінін ұстағандар, өзінің идеолог екенінде де ұмытпауы тиіс. Шалғайдағы ауылдағы бір баланың, сенің отты сөздеріңнен кейін футболға тәбеті ашылар, рухы оянар, ертең жұлдызы жанар… Бәрі мүмкін! Сондықтан бұл маңызды!
Қаршадай кезімізде «Хабардан» Амангелді Сейітxанның «Спорт жаңалықтарын» тамсана тыңдап, қуана көретінбіз. Ол кісінің Сидней олимпиадасында жасаған комментаторлығы әлі жадымда! Қарабайыр тұрмыс кешіп, күнделікті проблемаларымен күйзелісте жүрген халықтың психологиялық және моральдық тұрғыда емшісі деп атауға болады оларды. Себебі, марқаю, мақтаныш, рухтану, қуану — әркім үшін қосымша мотивация!
« Микрофон алдында мен, Пәленше Пәленшеев…» дегенді жиі қайталаудан гөрі, көрермен «су жорғадай көсілген мына комментатор кім екен» деп сені өзі іздеп табуы және тануы тиіс. Гугл бар құдайға шүкір! Атыңды сен жүз мірте айтқаннан емес, жанкүйер өзі жаттап алуы керек! Міне, бұл нәтиже!

4) Матчтан кейін Абзал Бейсебековтен сұxбат алған журналист тіпті күйдірді. «Маккаби енді қарымта ойында қатты ашулы болатын шығар, йә?» дегені қай сасқаны… Еврейлердің біздің футболшыларды Тель-Авивте құшақ жайып қарсы алып, қойнына қыз салып бермейтіні бесенеден белгілі ғой.

— «Астана» енді чемпиондықтың тағдырын шешу үшін «Ордабасымен» болатын ойынға дайындалады» – деді, сөзінде Абзал.
Әлгі журналист:
— «Ойынға клуб негізгі құраммен шыға ма?» — дейді.
Қазақстан чемпионатындағы ең маңызды матчтың біріне, «Астана» екінші құраммен шықпайды ғой. Осы қарапайым дүниеге түйсігі жетпеген журналист, қос тілге де жүйрік екенін көрсеткісі келду-ау… Дмитрий Шомкоға дәл осы сұрақтарды орысша айнытпай қайталап қойды.

— «Маккаби» наверное злой будет, да? Шомко болса оған «мынау қай есалаң» деген кейіпте бір қарап алды. Екі футболшыға, 90 минуттық ойыннан тарихи қысқа-қысқа, мағыналы, әр-түрлі 4 сұрақ даярлай алмаса, «Қазспортта» неге жүр бұл журналист?! Алаңдағы атмосфераның қақ ортасынан шыққан ойыншымен, тамаша әңгіме құруға болады ғой.
Интервьюді де жарытпаған бұл көкемнің камерадан жасқанатын ауруы барын байқап қалдым. Қалт-құлт етіп, көзі алақтап әрең тұр. Өзі көшеге шыққандай тым қарабайыр киініп алған. «Қазспорттың» бюджеті телеарнаның логотипі және төсбелгісі бар бір пиджакқа, болмаса «Астана» клубының футболкасын әперуге жарымады ма?! Сұрақ көп! Жауап жоқ! Эфирдің этикасын сақтау, телеарнаның стилінде журналисті кеиіндіру аса маңызды меніңше! Бұл арнаның имиджі, елдің алдындағы абыройы!

ТҮЙІН:
Журналистің көзімен бір матчта байқағандарым ғана бұл! Қазақстанда қаншама спорттық жаңалықтар, оқиғалар, тікелей эфир болып жатыр. Қазіргі уақытта, ғаламтор желісі мен телевизиядағы қазақша контентке деген сұраныстың өскенін аңғарамыз. Енді оның сапалы болуына жұмылатын сіз бен біз. Медиа саласында заманауи талаптарды ескермейтіндер, сұранысты қанағаттандыра алмайтындар ұзақ жасамайды. Қазақ тілді комментаторларға бұл тікелей қатысты!

Сәйкес жаңалықтар

Аида Балаева: Еңбек адамдары – мемлекеттің ең басты құндылығы

bairakkz

«ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН – ЖАҢА ӨМІР». Жетісу облысында перзентханада дауыс берілді

bairakkz

Кәсіпкер Дулат Тастекей Әбиба Әбужақыноваға стипендия беруді ұсынды

bairakkz