1 қыркүйек қарсаңында мұғалімдерге гүл сыйлау мәселесі қоғамда қызу талқыға түсті. Алғашында мектеп қабырғасында ұстаздарға гүл мен сыйлық беруге болмайтыны айтылса, кейін Оқу-ағарту министрлігі бұл мәселеге қатысты түсініктеме беріп, гүл сыйлауға толық тыйым салынбағанын мәлімдеді.
28 тамызда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова Білім күнінде мұғалімдерге гүл мен сыйлық беру мәселесіне тоқталды.
Журналистер ата-аналардың 1 қыркүйекте ұстаздарға гүл шоғын сыйлауына қатысты сұрақ қойған. Бірінші вице-министрдің сөзінше, бұл мәселеге байланысты жергілікті атқарушы органдарға тиісті хаттар жолданған.
«Мектеп қабырғасында гүл немесе қандай да бір сыйлық беруге болмайды. Мұны біз арнайы атап көрсеттік. Сондықтан бұған қажеттілік жоқ», – деді Шынар Ақпарова.
Оның бұл мәлімдемесі әлеуметтік желілерде қызу пікірталас туғызды. Бірқатар ата-ана мұғалімге гүл сыйлау бұрыннан қалыптасқан дәстүр екенін айтып, мұндай шектеудің қажеттілігіне күмән келтірді.
Гүл сатушылар да алаңдаушылық білдірді
Бұл жаңалық гүл бизнесі өкілдерінің де назарынан тыс қалмады. Себебі 1 қыркүйек – гүл дүкендері үшін сұраныс айтарлықтай артатын күндердің бірі.
Кәсіпкерлер Білім күніне алдын ала дайындалып, гүлдерге тапсырыс беретінін, арнайы топтамалар әзірлеп, қосымша қызметкерлерді жұмысқа тартатынын айтады. Сондықтан мерекеге санаулы күн қалғанда тараған ақпарат бизнестің алаңдаушылығын туғызды.
Әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі де мұғалімге гүл сыйлауды қымбат сыйлық берумен теңестіруге болмайтынын жазды. Олардың пікірінше, бір тал немесе бір шоқ гүл – оқушының ұстазына деген құрметі мен алғысын білдірудің қарапайым тәсілі.
Екінші тарап, керісінше, гүл сатып алу кейбір мектептерде ата-аналар үшін міндетке айналып, сынып ішінде ақша жинауға немесе қымбат гүл шоқтарын сатып алу жарысына ұласуы мүмкін екенін алға тартты.
Министрлік ұстанымын нақтылады
Қоғамдағы талқылаудан кейін Оқу-ағарту министрлігі мәселені нақтылап, мұғалімге гүл сыйлауға толық тыйым салынбағанын хабарлады.
Ведомствоның түсіндіруінше, 1 қыркүйекте ұстазға гүл сыйлау жақсы дәстүр ретінде қала береді. Алайда ол оқушылар мен ата-аналар үшін міндет болмауы керек.
«Ең бастысы – гүл шоғының көлемі мен бағасы емес, баланың мұғалімге деген құрметі. Сондықтан гүл сыйлау әр бала мен оның ата-анасының ерікті таңдауы болып қалуға тиіс», – деп түсіндірді министрлік.
Яғни оқушы ұстазына өз қалауымен гүл сыйлай алады. Ал ата-аналарды гүл сатып алуға немесе оған ақша өткізуге міндеттеуге жол берілмеуі тиіс.
Мектептер ақша жинамауы керек
Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарына қатысты талапты да нақтылады.
Мектеп әкімшілігі немесе педагогтер ата-аналарға гүл мен сыйлық сатып алуды міндеттемеуі, осы мақсатта ақша жинауды ұйымдастырмауы және мұндай бастаманы өздері көтермеуі керек.
Ведомствоның ұстанымынша, Білім күнінде басты назар қымбат гүл шоқтары мен сыйлықтарға емес, ұстазға деген құрмет пен жаңа оқу жылының тәрбиелік мәніне аударылуы қажет.
«Біздің мақсатымыз – жаңа оқу жылының алғашқы күнін артық сән-салтанатсыз, жылы атмосферада өткізу. Сонымен қатар оның тәрбиелік мәнін сақтап, балалардың бойына мұғалімге құрмет, қарапайымдылық пен мейірімділік қасиеттерін сіңіру», – делінген министрлік түсініктемесінде.
Осылайша, 1 қыркүйекте мұғалімге гүл сыйлауға тыйым жоқ. Бірақ гүл әкелу міндетті талап емес және әр отбасы бұл мәселені өзі шешеді. Ал мектептер ата-аналардан гүл немесе сыйлық үшін ақша жинауға бастамашы болмауы тиіс.
Айта кетейік, 1 қыркүйекте еліміздің мектептерінде бірыңғай сынып сағаттары, ал колледждерде кураторлық сағаттар ұйымдастырылады. Олардың ұзақтығы шамамен 45 минут болады.
