Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

ММА-дан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын сәтті бастады

ММА-дан Қазақстан құрамасы Бахрейнде өтіп жатқан Әлем чемпионатының алғашқы кезеңін сәтті бастады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ҚР ММА федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тіркеу, өлшеу және медициналық тексеру процедураларынан өткен команда, ұйымдастырушылардан екі түсті жарыс киімдерін алған: көк және қызыл. Ал Азияның үш чемпионы Ерназ Мұсабек, Олжас Молдағалиев және Жан Кенжебаевқа алтын түстес жарыс киімі берілді.

Әлем чемпионаты Бахрейн үкіметі мен сол елдің ханзадасы Халид Хамад әл-Халифаның қолдауымен өтіп жатыр.

«Аталған жарысқа Қазақстан ұлттық құрамасының сапында 15 ММА шебері  қатысуда. Чемпионатқа жалпы 51 мемлекеттен 252 спортшы жиналды. Қазақстандықтар үшін жарыстың алғашқы күні сәтті өтті. Атап айтқанда, 56,7 келі салмақта шаршы алаңға шыққан алматылық Дастан Жақыпбеков Болгариядан келген Николай Ивайловты төрешілердің шешімі бойынша жеңді. 61,2 келі салмақта Қазақстанның туын көтерген Азия чемпионы Олжас Молдағалиев үндістандық Аакашгутамнан басым түссе, қарағандылық Дінислам Жетпісов әзербайжандық Махаммад Әлиевті жеңді», — деп хабарлады федерациядан.

Сондай-ақ 65,8 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қарағандылық Мерей Жұбанов Польшадан келген Эрик Валеккиді қапы қалдырған. Ал шымкенттік Бекзат Жасия швед мықтысы Даниэль Скалангермен екінші рет кездесіп, бұл жолы да жеңісті қолдан бермеді.

70,3 келіге дейінгі сатыда қарағандылық Неймат Асадов дат спортшысы Дане Хоаким Янковичті ұтты.

Өкінішке қарай, Ақмола облысынан барған Дархан Жұмабай Чехияның мықты спортшысы Якуби Тихотаға есе жіберіп алды.

Чемпионатта 77,1 келіге дейінгі салмақта қазақстандық екі ММА шебері де үздік өнер көрсетіп, көрерменнің қошеметіне ие болды. Атап айтқанда, Махир Әлиев IMMAF рейтингісі бойынша Еуропа чемпионы Николай Николовты хайкикпен талдырса, Азия чемпионы Жан Кенжебаев поляк жауынгері Камиль Сцыжевскийді техникалық нокаутпен үйіне қайтарған.

83,9 келіге дейінгі орташа салмақта Мәди Досмұхаметов Бахрейннің мықтысы Абдулхахман Альхасанды төрешілердің шешімімен жеңді. Ал АҚШ-тың шебері Дериан Хекс пен Мейрамбек Демеубаевтың айқасы отандастарымыздың өкінішіне қарай Мейрамбектің жарақатына байланысты тоқтатылған.

«Жарыстың алғашқы күнінің қорытындысы бойынша, қазақстандық 11 спортшының 9-ы шайқасты жеңіспен аяқтады. Қазақстандық файтерлер 9 кездесудің жетеуін мерзімінен бұрын соңына жеткізген», — деп хабарлады ҚР ММА федерациясының баспасөз қызметінен.

Бахрейнде ММА спорт түрінен Әлем чемпионаты 12-19 қараша аралығында өтеді. Онда 14 салмақ дәрежесінде 51 елден 252 спортшы бақ сынауда. Қазақстан намысын қорғауға Ұлттық құраманың 15 спортшысы аттанды. Байрақты доданың әйелдер дивизионында еліміз атынан алғаш рет 52,2 кг дейінгі салмақта Азия вице-чемпионы Аян Тұрсын және 56,7 кг дейінгі салмақта Гүлмира Нұғмановақатысып жатыр.

Сәйкес жаңалықтар

ҚПЛ. 2019 жылғы маусымның күнтізбесі

bairakkz

Конфедерацияға — 5 жыл

Ришат

Гүлзира Айдарбекова үйінен айырылған келіні туралы айтты

bairakkz