Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

Қаһарман қызды еске алды

«Жастар» спорт сарайында «Жетісу» газетінің ұйымдастыруымен аталған басылымда көп жылдар еңбек еткен, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Желтоқсан көтерілісінің қаһарман қызы Шолпан Жұмаділованы еске алуға арналған БАҚ өкілдері арасында бильярдтан облыстық турнир өтті.

Жарысқа облыстық «Жетісу» телеарнасы, «Огни Алатау», қалалық «Талдықорған», «Жетісу» газетінің журналистері және Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облысы филиалының төрағасы қатысты.

Бәсекенің ашылу салтанатында облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін сөз сөйлеп, доданың шымылдығын түрді. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрін жарыстың маңызы зор екеніне тоқталды. Шолпан Жүнісбайқызы тек қана газеттің журналисі емес, қоғамдық жұмыстың белсенді жетекшісі екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңда жүріп, кеңестің солақай саясатына қарсы тұра білген қаһарман қыз әркез шындық пен тазалықтың туын жоғары ұстайтын ержүрек еді. Шолпанның қаламынан туған әр мақаласы қоғамда қозғаушы күш болып, елдің дамуына өз үлесін қосатын мөлдір дүние саналды.

Жаны таза, бойында тек асыл қасиеттері басым, кез келген ортада өзінің талантымен алға шығып, маңайына шуағын шашып, жадырап жүретін жалынды журналист еді. Бір ғана «Жетісу» газетінің білікті маманы емес, республикаға танымал қаламгер болды. Өмірінің соңына дейін қаламын қолынан тастамай, алты кітаптың авторы атанды. Амал нешік, осындай талантымыздың ортамыздан ерте кеткені жанымызға батады. Бүгін міне, Шолпанның аты өшпей жарық жұлыздай жарқырап жүрсін деген ниетпен бастарыңыды қосып, бильярдтан турнир өткізіп отырмыз. Бұл келешекте дәстүрлі жарысқа айналмақ. Ауқымы кеңіп, жыл сайын Шолпан Жүнісбайқызының атындағы жарыста бас қосамыз, – деген Ә. Әрінұлы бақ сынайтын әріптестеріне сәттілік тіледі.

Көп ұзамай жарыс та басталды. Жарысқа қатысушылар кіл мықтылар екен. Бір-бірімен шеберлік байқасып, соққан шарлары мірдің оғындай ұяшыққа дөп түсті. Алғашқы айналымнан суырылып алты ойыншы алға шықты. Кіл мықтылар іріктеліп, кім мықтыны анықтау кезде ойын шиеленісе түсті. Тартысқа толы болған бәсекеде бірінші орынды «Огни Алатау» газетінің жауапты хатшысы Асхат Алтынбеков жеңіп алса, екінші орынға «Жетісу» гезетінің журналисі Мәди Алжанбай табан тіреді. Үздік үштікті «Талдықорған» газетінің бас редакторы Данияр Сейсенбаев түйіндеді. Жеңімпаздарды облыстық «Жетісу» газеті редакторының орынбасары Жұматай Әміреев пен облыстық бильярд федерациясы атқарушы директорының орынбасары Ахметсапа Шалқыбаев марапаттады. Дода соңынан Шолпан Жүнісбайқызына ас беріліп, Құран бағышталды.

 

 

Сәйкес жаңалықтар

Жұмысынан айырылуына байланысты 180 мыңнан астам адам төлем алды

bairakkz

ҚТЖ-да өтірік жұмыспен қамтылғандар 21 млн теңге шығын келтіргені анықталды

bairakkz

2025 жылы Рамазан айы қашан басталады?

bairakkz