Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ӘлеуметБасты ақпаратЖаңалықтар

«Оларды адамша жерлегім келеді»: БАӘ-де көз жұмған әпкелі-сіңлілердің әкесі көмек сұрады

скриншот

Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласында қаза тапқан қазақстандық әпкелі-сіңлі Ақжан мен Жұлдыздың денесі әзірге елге жеткізілген жоқ. Марқұмдардың туыстары мәйіттерді Қазақстанға қайтару рәсімін жеделдетуді сұрап отыр.

КТК арнасының мәліметінше, қыздардың әкесі Мейрам Бохановтың айтуынша, отбасы олардың денесін елге алып келіп, туған жерінде жерлеуді күтуде.

Дүйсенбіде жаздым, оқиды, бірақ жауап жоқ. Бізге мәйіттерді беретін түрі жоқ. “Бұл мәселе бір апта бойы қаралады” деді. Көмек сұраймыз, бәрін жылдамдатса екен. Оларды жерлеу керек қой. Сонша күннен бері жатыр. Мен оларды осында қайтарып, адамша жерлегім келеді, – деді ол.

Туыстарының сөзінше, Ақжан мен Жұлдыз Шарджада жұмыс істеген. Олар жақында Қазақстанға оралуды жоспарлаған. Қыздардың соңғы хабарламасында жағдайлары жақсы екені айтылған. Жұлдыз аздап ауырып жүргенін айтып, кейін қайта хабарласуға уәде берген. Алайда содан кейін байланысқа шықпаған.

Марқұмдардың әпкесі Меңсұлу Боханова қыздардың туристік визамен БАӘ-ге бармағанын айтты.

Алдымен бір аптаға барған туристерді эвакуациялады. Ал олар желтоқсаннан бері сонда болған. Құжаттарын реттеуі керек еді. Дереу шығып кете алмады. Бірақ үйге қайтқылары келді. Мен “ақша керек пе, бәрі дұрыс па?” деп сұрадым. Бәрі дұрыс еді. Енді не себеп болуы мүмкін екенін де білмей отырмыз, – деді ол.

Отбасы қыздардың пәтерде қандай жағдайда көз жұмғанын және денелерінде зорлық-зомбылық белгілері бар-жоғын әзірге білмейді.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі оқиғаның мән-жайын БАӘ-нің жергілікті органдары анықтап жатқанын хабарлады. Тергеу мүддесіне байланысты әзірге толық ақпарат жарияланбай отыр.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанның Дубай қаласындағы Бас консулдығы марқұмдардың туыстарына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп, БАӘ-нің құзырлы органдарымен байланыс орнатқан.

Алдын ала мәлімет бойынша, қыздардың әкесі туыстық қатынасын растау үшін ДНҚ сараптамасынан өтуі керек. Осы рәсімнен кейін ғана марқұмдардың денесін Қазақстанға жеткізу мәселесі шешіледі.

Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр.

Сәйкес жаңалықтар

Ақтауда есірткі жарнамалап жүргендер қолға түсті

bairakkz

Тоқаевтың шақыруымен елімізге Ресей Президенті Владимир Путин келеді

bairakkz

Махмұд Сабырхан Азия чемпионатының ширек финалына шықты

bairakkz