Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

Өз түлектерін өзекке тепті «Жетісулық» футболшылар далада жүр

Әдетте біз спорт жайлы әңгіме қозғай қалсақ Жетісу өлкесін таланттар мекені дейміз. Расында да солай. Спорттық салада талайды таңғалдырып, әлемде атой салған ұландарымыз аз емес. Әйтсе де футболға келгенде кенжелеп қаламыз.

Жетісу жерінде футболшы жоқ деуге келмейді. Бар,  бірақ олар өзге өңірлерде доп теуіп жүр. Мәселен,  Жетісу футбол мектебінен қанаттанған Серікжан Мужиков, Берік Шайхов, Рафхат Аслан секілді үздіктеріміз өзге клубтарда. Олар алғашында «Жетісу» командасында өнер көрсетіп, шеберліктерін танытқан соң басқа клубтар «құда түсті». «Болайын деген баланың бетін қақпа, белін бу» дегендей,  негізгі құрамда өнер көрсетемін деген ойыншыларға батамызды беріп, шығарып салдық. Бұл қалыпты жағдай.

Ал соңғы уақытта Премьер-лига қатарынан жетісулық жерлестерді байқай алмай жүрміз. «Жетісу» командасының өзінде талдықорғандық футболшылар саусақпен санарлық. Олардың орнын өзге өңірден, болмаса сырттан келген ойыншылар алмастырған. Сонда қалай, «ауылдағының аузы сасық» болғаны ма?

«Жетісу» командасының сапында бар болғаны «жетісулық» екі бала. Айбар Жақсылықов пен Рауан Орынбасар. Қалған балаларға орын жоқ. Мәселен, Айбар өткен маусымда 24 ойын өткізіп, 6 гол соққан. 33 турда 678 минут ойнаған. Егер Айбардың статистикасына үңілетін болсақ, алаңдағы ең көп көрсеткіші 90 минут. Қалғаны кездесудің ортасында алмасқан. Мұны футболдың заңдылығы деп атайық. Дегенмен де, жетісулық жалғыз ойыншы кімнің көңілін жамайды? Рауан Орынбасар алаңға мүлде шықпаған. Тек жергілікті ойыншы болу керек деген әңгіменің орнын толтыру үшін команда сапына енгізіп, маусым бойы алаңға шығармаған.      Осы жерде бір мәселені қозғай кеткенді жөн көріп отырмын. Жаңа маусым басталар алдында облыс басшысы Амандық Баталов «Жетісу» клубының басшылары мен жаттықтырушыларына нақты тапсырма берген болатын. Команда сапына жергілікті ойыншыларды тарту керек. Бірінші, екінші лигадағы ойыншылар облыстан құралған және негізгі құрамға үміткер ойыншылар болуы тиіс деген. Бұл  тапсырманы клуб жаттықтырушылары неге ескермейді? Егер «Жетісу» сапында жерлестері жоқ болса жергілікті жанкүйерлер кімге қолдау көрсетеді? Менің осыған таңым бар. Әрине, Дмитрий Огай мен Руслан Балтиевтің шеберлігіне шек келтірмеймін. Өз істерінің мамандары. Өз дәуірінде ел намысын қорғаған талантты футболшылар. Әйтсе де жергілікті жас жеткіншектердің жолын байлауға болмайды деп есептеймін. Бірінші лига мен екінші лигада мықтыларымыз жоқ емес. Онда да негізгі құрамға жарайтын ойыншылар бар. Сол футболшыларымыз неге құрамға тартылмаған. Өз жерінің негізгі құрамынан орын таппағансын басқа клубтарға ауысуға мәжбүр. Мысалы, 2018 жылы Еламан Бейсембаев, Нұржан Жеңісбеков, Дидар Марленов, Шыңғысхан Кенжебеков, Асылбек Қапановтар нағыз шиыршық атқан шағында командаға шақырту алмағасын футболды мүлдем тастап кетуге мәжүбір болды. 2019 жылы  Әлібек Батырбеков, Сарқыт Иманғазы да алдыңғы әріптестерінің кебін киді. Бұл азаматтар да басқа командалардың есігін қағуда. Желпілдеп Жетісудан барған ұландарға өзге клубтар есігін аша қойса жақсы, ашпаса олар да футболды доғарады.

2020 жылы Еркебұлан Мұсабеков, Рахат Отызбаев Талдықорғанның командасынан ауысып жатыр. Бұл екі үздігіміз де табандарынан таусылып, паналайтын команда қарап жүр. Таланттарды тартып, талабын ұштай алмасақ, қыруар қаржы жұмсап, команда жасақтаудың қажеті қанша? Одан да сол қаражатты басқа салаға салу керек шығар?.. Егер өз жерлестерімізді өзіміз жарылқамасақ, өзге клубтар құшағын аша қояды дегенге сене қою қиын.

Мұны жалғыз менің ғана емес, күллі жетісулық жанкүйердің көкейінде жүрген сауал деп ұғу қажет. Ия, бір кездері «Жетісу» клубының көрсеткіші тым төмендеп кеткен болатын. Қаржылық дағдарыстарды да көріп, құрамына көп ретте ортаңқол ойыншылар жинақталған кез болды. Бір мәрте премьер-лига сапынан да түсіп қалды. Жалғыз Огай келіп көтерді деуге болмас. Амандық Ғаббасұлы үлкен қолдау білдіріп, қаржы мәселесін шешіп, жер бауырлап жатқан клубтың тамырына қайта қан жүгіртті. Бүгінде үш млрд. теңгеге жуық қаражаты бар.

Бірақ, қаржы бөлінді деген осы екен деп өзге елден келген ойыншының қалтасын толтыруға негіз жоқ. Мысалға, бірінші мен екінші лиганың тең жартысы өзге өңірдің ойыншылары. Олар клубтың негізгі базасында орналасқан. Ал негізгі құрам «Салтанат сарайы» деген қонақүйде тұрып жатыр. Бұл қаражатты бекерге шашу. Меніңше, бірінші мен екінші лиганың ойыншылары толықтай облыс ойыншыларынан құралу керек. Сонда олар өз үйлерінен келіп, жаттығу мен ойындарды  өткізіп тұрады. Ал негізгі құрамның, клуб базасында тұрғаны жөн. Сонда қаржы үнемделеді.

Ия, қаржы үнемдеу менің міндетім емес шығар. Оған жауап беретін басшылық бар. Тек жергілікті жердің ойыншылары сырт қалып жатыр. Бас бапкер мен спорттық директор осыған көңіл бөлсе деймін. Тізгін қолда, қалай тартсам да өз еркім дегенді қойған жөн. Ал сіз не дейсіз, жетісулық жанкүйер?

 

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Сәйкес жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ — МИХАЛ БИЛЕК

bairakkz

#САЙЛАУ2023

bairakkz

Балжан Бидаш оқырмандарын ойландырып қойды

bairakkz