Түркістан облысында әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Видеода ер адамның өз әкесін ұрып-соғып, ауыр сөздер айтқаны анық көрінеді, деп хабарлайды bairak.kz.
Облыстық полиция департаменті ресми түсініктеме беріп, күдіктінің ұсталғанын хабарлады.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Қажетті жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, олардың нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданады», – делінген ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Әлеуметтік желілерде жарияланған жазбаларда қарияның жүйелі түрде таяқ жеп келгені және қайтыс болғаны айтылды. Видеоны күдіктінің әкесі қайтыс болғаннан кейін көршісі жариялағаны туралы мәлімет те тарады. Алайда бұл деректерге қатысты полиция әзірге түсініктеме берген жоқ.
Todayinfo агенттігінің хабарлауынша, өз әкесін аяусыз ұрған күдікті Алмас Садақбаев мешіттің азаншысы әрі мәдениет үйінің қызметкері, сонымен қатар асаба болып істеген. Оқиғадан кейін оның Instagram-парақшасына қазақстандықтар бірнеше мыңға жуық қарғыс пікір қалдырған.
Желі қолданушылары қатігез ұлдың әрекетіне ашу-ыза білдіріп, «Өзі намазхан, азаншы, мәдениет үйі қызметкері, тамада екен. Құдайдың көзі тура болсын!» деп жазды.
Белгілі болғандай, қарт кісі өздігінен жүре алмайтын, ауыр халде болған. Көршілері ұлының әкесіне көрсеткен зорлығын видеоға түсіріп алып, әлеуметтік желілерге таратқан.
