Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ӘлеуметЖаңалықтар

Алматыда Қазақстандағы алғашқы крематорий ашылды

Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда Қазақстандағы тұңғыш крематорий өз жұмысын бастады. Енді тірі кезінде мәйітін өртеуге келісім берген азаматтардың денесі осы жерде кремацияланады.

Бүгін крематорий әкімшілігі журналистерге арналған пресс-тур ұйымдастырып, нысанның жұмысымен таныстырды.

Жаңа кешен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Қалалық патологоанатомиялық бюро» теңгеріміне берілген. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, кремация дәстүрлі жерлеуге балама ретінде ұсынылады. Бұл тұрғындарға мәдени, діни және жеке көзқарасына сәйкес таңдау жасауға мүмкіндік береді.

Крематорий Чехияда өндірілген заманауи жабдықтармен қамтылған. Мұнда көпсатылы сүзгі жүйесі бар екі кремациялық пеш орнатылған. Екі камералы технология түтін газдарының толық жануын қамтамасыз етіп, зиянды шығарындыларды азайтады, сондай-ақ иіс пен көзге көрінетін түтіннің таралуына жол бермейді.

Бір мәйітті кремациялау құны – 240 мың теңге. Бір рәсім шамамен екі сағатқа созылады. Ал пешті қажетті температураға дейін қыздыру үдерісі 35 сағатқа дейін уақыт алады. Толық жүктеме кезінде әр пеш тәулігіне 8 кремацияға дейін орындай алады.

Кремация бірнеше кезеңнен тұрады: мәйітті қабылдау, міндетті сәйкестендіру, кремациялау, күлді өңдеу және оны туыстарына тапсыру.

«Кремация үдерісі қатаң регламентке сай жүргізіледі. Ол мәйітті қабылдаудан бастап, міндетті сәйкестендіру, кремациялау, күлді өңдеу және туыстарына тапсыру кезеңдерін қамтиды. Әрбір қадам арнайы бақылаумен және құжатпен рәсімделеді», – деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Крематорийде қоштасу рәсімдерін өткізуге арналған арнайы залдар қарастырылған. Сонымен қатар, туыстар рәсім барысын арнайы бөлмеден бақылау мүмкіндігіне ие.

Әкімдік мәліметінше, мекеме қызметкерлері шетелде арнайы дайындықтан өткен. Қызмет барысында санитарлық талаптар, кәсіби этика және құрмет қағидаттары қатаң сақталады.

Сарапшылардың пікірінше, крематорийдің іске қосылуы Қазақстанда ритуалдық қызметтердің заманауи әрі экологиялық бағытта дамуына ықпал етеді.

Сәйкес жаңалықтар

ЕЛІМІЗДІҢ НАМЫСЫН КЕНИЯЛЫҚ ЖЕҢІЛ АТЛЕТТЕР ҚОРҒАЙДЫ

bairakkz

ЖЕҢІС АЛҒА ЖЕТЕЛЕДІ

bairakkz

Дауыс беру — әр адамның азаматтық борышы

bairakkz