Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ӘлеуметБасты ақпаратЖаңалықтар

Құбылмалы кезеңдегі экономика: Астанада сарапшылар жаңа макроэкономикалық модельдерді талқылады

tengemonitor.kazgazeta.kz

Астанада Экономикалық зерттеулер институтының 65 жылдығына арналған іс-шаралар аясында сарапшылар бас қосып, «Макроэкономикалық модельдерді жаһандағы белгісіздік жағдайына бейімдеу» тақырыбын талқылады.

Іс-шара мемлекеттік орган, ғылыми орта мен талдау қауымдастықтары  өкілдерінің басын қосып, пікір алмасуына мүмкіндік берді. Пікірталас барысында макроэкономикалық байланыстардың өзгеруі, Қазақстан экономикасындағы құрылымдық трансформациялар және жаһандық тұрақсыздық жағдайындағы орнықты өсім модельдері қарастырылды.

Әлемде алаң-елең кезең басталғалы сапалы макроэкономикалық бағалау мен болжам жасаудың маңызы арта түсті. Елімізде макроэкономикалық саясатты дұрыс жүргізу үшін құрылымдық өзгерістерді, әлемдегі ахуалды ескеретін, экономикалық көрсеткіштер арасындағы байланыстарды дәл көрсететін заманауи талдау және болжау модельдерін жетілдіру қажет.

Экономикалық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Сара Алпысбаева 2013-2025 жылдар аралығында Қазақстан экономикасындағы құрылымдық өзгерістерге жүргізілген зерттеу нәтижелерін ұсынды. Оның айтуынша, осы кезеңде ішкі сұраныс , яғни өмір сүруге қажет тауарлар, киім-кешек, тамақ, қызметтер, тұрғынүй және т.б.сұраныс артып, оның ЖІӨ-дегі үлесі 49%-дан 54%-ға дейін өскен. Салдарынан инфляциялық қысым күшейіп (2025 жылы инфляция 12,3% болды), тұтынушылық несие алғандар саны 26,8%-ға ұлғайды.

Сонымен қатар, мемлекеттік инвестициялар үлесі 16,8%-дан 22,6%-ға дейін көбейді. Ал ЖІӨ-дегі таза экспорт үлесі 11,8%-дан 5,4%-ға дейін төмендеп, экономиканың импортқа тәуелділігі күшейді. Осылайша жағдай ушыға түсті.

«ЖІӨ өскенімен жалдамалы қызметкерлердің еңбекақысы шамамен 30,6% деңгейінде өзгеріссіз қалса, бизнес табатын пайда 62,3%-ға дейін артқан», — дейді Сара Нұрбекқызы.

Ақбөбек Ахмедьярова мен Бауыржан Темірбаев дайындаған жеке зерттеу Қазақстандағы «жасыл» энергетикаға көшу парадоксына арналды. Авторлар экономиканың мұнайға аса тәуелді екенін атап өтті: экспорттағы кірістің 66%-ы мұнайға тиесілі, ал энергияның 98%-ы қазба отыннан алынып отыр.

Сонымен қатар, жаңартылатын энергия көздерін дамыту мақсатында 2030 жылға қарай «жасыл» энергия үлесін 15%-ға жеткізу көзделген. Оны жүзеге асыру үшін 2060 жылға дейін 6101150 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция қажет. Зерттеу нәтижелері ЖІӨ-нің ұзақ мерзімді құбылмалылығының шамамен 87%-ы мұнай бағасының өзгерістеріне байланысты екенін көрсетті. Ал ЖЭК-ті қаржыландыру мұнай кірістеріне тәуелді, осылайша «фискалдық-ресурстық тұзақ» қалыптасады.

«Жасыл сектор технологиялық тұрғыдан тұрақты болғанымен, оның дамуы бәрібір мұнай цикліне тәуелді болып отыр. Себебі оған да бюджет қажет», деп түсіндірді Ақбөбек Ахмедьярова.

Пікірталас барысында ақша-несие және фискалдық саясатты үйлестіру мәселесіне ерекше назар аударылды. Сарапшылардың бағалауынша, осы саясаттардың үйлесімділігі макроэкономикалық құбылмалылықты шамамен 10%-ға төмендетіп, экономиканың өсуіне мүмкіндік береді.

Іс-шара соңында қатысушылар Қазақстан экономикасын одан әрі дамыту үшін жаңа макроэкономикалық модельдерге көшу қажет деген ортақ пікірге келді. Бұл модельдер еңбек өнімділігін арттыруға, шикізатқа тәуелділікті азайтуға және жаһандық белгісіздік жағдайында институционалдық тұрақтылықты күшейтуге бағытталуға тиіс.

 

Сәйкес жаңалықтар

Лев Черепанов Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алды

bairakkz

Тоқаев Украинадағы соғысқа қатысты пікір білдірді

bairakkz

С чувством патриотизма!

bairakkz