Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
АймақЖаңалықтар

Мейірім лебі: Маңғыстаудың абыройлы ұстазы – Назира Досыбайдың өнегелі жолы

Маңғыстаудың маңдайына біткен абыройлы ұстаздардың бірі – бастауыш сынып мұғалімі, педагог-шебер Назира Көшербайқызы Досыбай.

Жыңғылды ауылындағы С.Нұрниязұлы атындағы мектеп-интернаттың табалдырығын бала күнінен аттап, осы ортада тәлім алып, кейін сол мектепке қайта оралуы – оның ұстаздық жолының тағдырмен таңбаланғандығын дәлелдейді. Бүгінде сол балалық мекенінде шәкірттерге білім нұрын сеуіп жүрген Назира ұстаз үшін бұл мектеп жайлы жұмыс орны ғана емес, екінші үйі, ал оқушылары өз баласындай бағалы, жүрегінесоншалық жақын.

Бастауыш – білімнің іргетасы. Бұл сатыда әр баланың жан дүниесі ерекше нәзік, қиялы еркін, жүрегі мейірімге құштар. Осындай кезеңде оларды дұрыс бағыттап, санасына сенім ұялату кез келген мұғалімнің қолынан келе бермейтін қасиет. Ал Назира Көшербайқызы осы жауапты жолдың жүгін өз еркімен, жүрек қалауымен арқалап келеді. Оның сабағына кірген әрбір бала өзін ертегінің кейіпкеріндей сезініп, шығармашылыққа ұмтылып, ойлануға талпынады. Себебі мұғалім олардың қызығушылығын ояту үшін сабақтарды ойынмен, дебатпен, зерттеумен, сан алуан әдіс-тәсілдермен безендіреді.

«Ойлан – жұптас – бөліс», «Сиқырлы сандық», «Брейн-ринг» секілді тәсілдер – оның күнделікті қолданатын құралдары. Цифрлық платформаларды тиімді пайдаланады. BilimLand, LearningApps, Wordwall, интерактивті тақта, жасанды интеллект бейнероликтері, бәрі де жас буынның есте сақтауын, логикалық ойлауын, жылдам қимылдауын дамытуға бағытталған.

Бастауыштағы әр бала – жеке әлем. Бірі есепке жүйрік, бірі сурет салғанда қиялы тасиды, бірі мәнерлеп оқудан алда. Нағыз мұғалім олардың әрқайсысының болмысын таниды, қабілетін ашады. Назира ұстаздың да ұстанымы осы. Ол балалардың бейімін байқап, әрқайсысына жеке тапсырма береді, үйірмеге тартады, жобалық жұмысқа қосады. Дарынды балаларға шағын зерттеу тапсырмаларын ұсына отырып, оларды ізденуге үйретеді. Ең бастысы – бала бойындағы сенімділік пен еркіндікті шыңдау.

Интернаттағы жұмыс та бөлек әлем. Мұнда мұғалім тек сабақ беруші емес, тәрбиеші, кеңесші, жанашыр. Көптеген оқушы күнінің басым бөлігін осы ортада өткізетіндіктен, олардың көңіл күйін, мінезін, жан дүниесін түсіну қажет. Назира Көшербайқызы үшін бұл жауапкершілік – жүрекке жақын парыз. Ол балалардың бос уақытын да тиімді өткізуді ойлап, үйірме, тәрбие сағаттары мен шығармашылық шараларға ұйытқы болады. Тәртіп пен ұйымшылдыққа баули отырып, олардың адам ретінде қалыптасуына ықпал етеді.

Шәкірттері жыл сайын мектепішілік, аудандық, облыстық сайыстарда топ жарып, түрлі пәндік олимпиадалардан жүлделі орындар алып жүр. Десек те, Назира ұстаз ең алдымен баланың білімге құштарлығына, мектепке қуана келуіне, өз болашағына сеніммен қарауына маңыз береді.

Назира Көшербайқызының тындырымды еңбегі еленбей қалған жоқ. Ол – «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, облыс әкімінің «Білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет дипломымен марапатталған. Сонымен қатар аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі педагогикалық идеялар фестивалі мен байқауларда жүлдегер атануы оның кәсіби шеберлігінің жарқын дәлелі десек болар.

Ұстаздық – жүрек қалауы. Мұны Назира Көшербайқызы өз өмірімен дәлелдеп келеді. Балаға білім үйрету бір міндет те, ал оның көкірегінде үміт отын жағып, тұлғалық болмысын қалыптастыру – нағыз ұстаздың ісі. Осы жолда ол талмай еңбектеніп, болашаққа сеніммен қарайтын өнегелі ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосып келеді.

Оның әр сабағынан мейірімнің лебі еседі. Әр сөзінен шәкіртіне деген сенім сезіледі. Сондықтан да Жыңғылды ауылының кішкентай түлектері үшін Назира мұғалім – білімнің баспалдағына алғашқы қадам жасатқан, өмір бойы есінде қалатын аяулы жан.

Сәйкес жаңалықтар

Бектенов министрлер мен әкімдерге бірқатар тапсырма жүктеді

bairakkz

«Өліп кетсем де бала туып беремін»: Майра Мұхаммедқызы 20 жыл балалы бола алмағанын айтты

bairakkz

Еліміздің «Үздік акушері» анықталды

bairakkz