Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ЖаңалықтарОқиғалар

“Күліп жүргенін көрмегенмін”: Жаңаөзенде күйеуінің қолынан қаза тапқан әйел туралы көршілері айтты

Фото: Видеодан скрин

Маңғыстау облысында балаларының көз алдында күйеуінің қолынан қаза тапқан әйел туралы көршілері айтып берді. Күдікті ретінде ұсталған ер адам 44 жастағы Назгүл Ізбасарованы қызғаныштан өлтірген болуы мүмкін. Бұл туралы  «Жетінші арна» хабарлады.

Қайғылы оқиғадан кейін әйелін өлтірді деген күдікпен ер адам бірден ұсталып, қамауға алынды. Белгілі болғандай, ерлі-зайыптының жеті баласы бар. Олардың бесеуі – кәмелет жасқа толмаған. Ең кенжесі небәрі үш жаста. Ал екі үлкен қызы тұрмыста.

Көршілерінің айтуынша, бұл отбасы бұған дейін жанжалмен көзге түспеген.

«Бұрын айқай-шуды, ұрыс-керісті естіген емеспіз. Өзі тыныш, момын адам еді. Бірақ осы уақытқа дейін оның күліп жүргенін көрмеппін. Үнемі тұйық, ойлы болып жүретін. Ауылымыз шағын ғой, бәрі бірден белгілі болады. Ауыл адамдарының айтуынша, бұл жағдай қызғаныштан болуы мүмкін. Бірақ нақтысын кім білсін», – дейді Қызылсай ауылының тұрғыны Айсұлу Оңайбаева.

Полиция мәліметінше, бұған дейін отбасындағы жанжал бойынша құқық қорғау органдарына ешқандай шағым түспеген.

«Алдын ала анықталғандай, жанжал тұрмыстық негізде болған. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті зерттеу мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деді Жаңаөзен қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Мақсат Сағынов.

Сәйкес жаңалықтар

Танымал қазақстандық әншіге өрескел айып тағылды

bairakkz

Ашық коды бар қытайлық жасанды интеллект модельдері әлемдік ЖИ-ді демократияландыруда

bairakkz

Қазақтың ауыр атлетика шебері немесе Таскескеннен шыққан Толағай

Ришат