Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа берген уәдесін орындап, көлік сыйлады.
Instagram желісіндегі Qumash парақшасында Милан мен Кортинада өткен Олимпиада жеңімпазына арналған автокөліктің суреттері жарияланды. Қара түсті Hyundai Palisade көлігі ұлттық нақыштағы графикамен безендірілген. Шанағында «Мишабай, жеңісің құтты болсын!» және «Қазақстан мақтанышы» деген жазулар бар, сондай-ақ көліктің Олимпиада чемпионына арналғаны көрсетілген.
2026 жылғы ақпан айындағы дерек бойынша, Hyundai Palisade көлігінің люкс жиынтықтағы орташа бағасы 37,3–37,8 миллион теңге.
13 ақпанда ерлер арасындағы мәнерлеп сырғанаудан қысқа және еркін бағдарламалар қорытындысы бойынша Михаил Шайдоров сенсациялық түрде Олимпиада чемпионы атанды. Сол күні ол өнер көрсету барысында Димаш Құдайбергеннің орындауындағы әнді пайдаланған. Сол сәтте әнші спортшыға видеоүндеу жолдап, оған темір тұлпар сыйлайтынын айтқан еді.
