Тоқмақ қаласында Қырғызстан Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері марқұм криминалдық авторитет Қамшы Көлбаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына тиесілі болуы мүмкін қару-жарақ пен оқ-дәрілер жасырылған орынды анықтады.
Ведомство мәліметінше, жасырын орын ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес аясында жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында табылған. Алдын ала болжам бойынша, бұл арсенал заңсыз мақсаттарда пайдалануға дайындалған.
Арнайы қызмет өкілдері жасырын қоймадан түрлі қару мен оқ-дәрілерді тәркілеген. Олардың қатарында екі шолақ мылтық, екі мина, қолдан жасалған жарылғыш құрылғы, граната, тротил, сондай-ақ бетперде, пышақтар, тұтандырғыштар мен әртүрлі калибрлі патрондар бар.
Ресми мәліметке сәйкес, бұл қару-жарақ аса ауыр қылмыстар жасауға, соның ішінде елдегі қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыруға пайдаланылуы мүмкін болған.
Тәркіленген қару-жарақ сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді. Сонымен қатар, оның бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау мақсатында жедел іс-шаралар жалғасып жатыр.
Айта кетейік, Қамшы Көлбаев 2023 жылдың 4 қазанында құқық қорғау органдары жүргізген арнайы операция кезінде қаза тапқан. Ол Қырғызстандағы ұйымдасқан қылмыс әлеміндегі ықпалды тұлғалардың бірі ретінде белгілі болған.
