Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ӘлеуметЖаңалықтар

«Мың бала» жеңімпаздары анықталды: 483 ауыл оқушысы үздік мектептерге жолдама алды

«Ел үміті» қоры

Ауыл мектептерінің дарынды оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасы өз мәресіне жетті. Биылғы білім бәйгесінің қорытындысы бойынша 483 ауыл оқушысы еліміздегі жетекші мамандандырылған білім беру ұйымдарына оқуға жолдама алды.

2026 жылы олимпиаданың І кезеңі 1–15 сәуір аралығында ұйымдастырылып, оған республика бойынша ауыл мектептерінде білім алатын 42 079 алтыншы сынып оқушысы қатысты. Ең жоғары нәтиже көрсеткен 5000 оқушы ІІ кезеңге өтті. Финалистер саны бойынша Түркістан облысы көш бастады.

Олимпиаданың ІІ кезеңі 28–30 сәуір күндері өтті. Ал 18–21 мамыр аралығында жеңімпаз атанған 1000 оқушы 1000bala.elumiti.kz порталында мамандандырылған мектептерге өтінім берді.

«Ел үміті» қоры

Биыл «Мың бала» олимпиадасы жетінші рет өткізілді. Жоба Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен «El Umiti» корпоративтік қорының бірлескен бастамасы ретінде жүзеге асырылып келеді. Ерекше атап өтерлігі, 2026 жылы ІІ кезең алғаш рет Ұлттық тестілеу орталығының базасында еліміздің барлық өңірінде офлайн форматта ұйымдастырылды.

Нәтижесінде бөлінген 483 квота негізінде жеңімпаздар Республикалық физика-математика мектебінде, «Білім-Инновация» лицейлерінде және «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейлерінде білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Жоба басталғалы бері олимпиадаға 800 мыңнан астам ауыл оқушысы қатысқан. Қазіргі уақытта 1800-ден астам жеңімпаз еліміздің мамандандырылған мектептерінде білім алуда. Ал алғашқы түлектер 2025 жылы жоғары оқу орындарына түсіп, өз жетістіктерін көрсетіп үлгерді.

«Мың бала» жобасының басты мақсаты – ауыл оқушылары үшін әлеуметтік лифт қалыптастыру, сапалы білімге қолжетімділікті арттыру және талантты балалардың әлеуетін дамытуға мүмкіндік жасау.

Жоба түлектері бүгінде білім мен ғылым саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Мәселен, Көкшетау қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің оқушысы Бахтияр Булкаиров республикалық байқаулардың жүлдегері атанса, Назарбаев Университетінің студенті Ерқанат Кеңшілік Австралияда өткен халықаралық олимпиадада ІІ орын иеленіп, Қазақстан Президентімен кездесті. Кейін ол Кореядағы KAIST университетінен шақырту алған.

«Мың бала» олимпиадасы ауылдағы дарынды оқушыларға жаңа мүмкіндіктер сыйлап, олардың сапалы білім алуына жол ашатын маңызды әлеуметтік-білім беру жобасы ретінде өз маңызын дәлелдеп келеді.

Сәйкес жаңалықтар

Тоқаев Сербия президентіне Алматының әйгілі апортын сыйға тартты

bairakkz

Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға жаңа оқу жылына қатысты кеңес берді

bairakkz

Елена Рыбакина Australian Open-2025 турнирін ірі жеңіспен бастады

bairakkz