Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ЖаңалықтарОқиғалар

Бірнеше сағаттық жаңбыр Алматыны әбігерге салды: көшелерді су басты

Фото: threads.com/@d.arigaa

Алматыда 4 шілде күні жауған күшті нөсер қала қозғалысына айтарлықтай әсер етті. Қысқа уақыт ішінде мегаполистің бірқатар көшелері мен тротуарларын су басып, тұрғындар әлеуметтік желілерде табиғат құбылысының салдарын жаппай жариялады.

Куәгерлер түсірген фото және видеоларда көліктердің су басқан жолдармен әрең жүріп өткені, ал жаяу жүргіншілердің кей жерлерде тізеге дейін жеткен суды кешіп жүргені көрінеді. Қала тұрғындары кейбір көшелерді «өзенге», ал Алматыны «Венецияға» теңеді.

Қалалық коммуналдық қызметтердің мәліметінше, Алматыда нөсер мен найзағай шамамен үш сағатқа созылған. Осы уақыт ішінде 10 миллиметрге жуық жауын-шашын түскен. Күн ішінде қала аумағында 26 жергілікті су басу дерегі тіркелді.

Акиматтың хабарлауынша, төтенше жағдайдың салдарын жою үшін коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеді. Қала бойынша 104 арнайы техника, 74 мотопомпа, 12 ассенизаторлық машина және 75 жедел бригада жұмылдырылды. Олардың құрамында 425 жол жұмысшысы болды. Сонымен қатар ықтимал су басу жағдайларына дайындық ретінде 2,3 мың құм салынған қап әзірленді.

Кешкі сағат 20:00-дегі жағдай бойынша 26 су басқан аумақтың 24-інде мәселе толық шешілді. Қалған екі учаскеде жұмыстар жалғасты. Жалпы, тәулік бойы қала көшелерін күтіп ұстауға 3 080 жол жұмысшысы мен 1 225 арнайы техника тартылды.

Бұған дейін Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті 4 шілдеде қалада қысқа мерзімді жаңбыр, найзағай және екпінді жел күтілетінін ескерткен еді. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін екені айтылған. Ал Іле Алатауының таулы аймақтарында, соның ішінде Медеу және Бостандық аудандарында қатты жаңбыр, бұршақ және дауылды жел болжанған.

Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері Алматыда айтарлықтай жауын-шашын күтілмейді. Қалалық коммуналдық қызметтер ауа райы өзгерген жағдайда жедел әрекет етуге дайын екенін мәлімдеді.

Сәйкес жаңалықтар

Қазақстанда шілдеден бастап газ бағасы 33%-ға қымбаттайды

bairakkz

ҚПЛ. 2019 жылғы маусымның күнтізбесі

bairakkz

Сәкен Бибосынов өзбек боксшысынан жеңілуіне не себеп болғанын мәлімдеді

bairakkz