Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ӘлеуметЖаңалықтар

65 жастан асқан қазақстандықтар енді онлайн несие ала алмайды

Фото:depositphotos.com

Қазақстанда 65 жастан асқан азаматтар енді несиені онлайн рәсімдей алмайды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов брифинг барысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл талап телефон алаяқтарының құрбаны болатын азаматтарды қорғау үшін енгізілген.

«Былтыр Парламент 18-21 жас аралығындағы жастарға, сондай-ақ 65 жастан асқан азаматтарға несие беруге қатысты заңнамаға түзетулер енгізді. Бұл санаттар несие алу үшін банк бөлімшесіне келуі міндетті», – деді Тимур Сүлейменов.

Ұлттық банк басшысы алаяқтардың көбіне азаматтарды телефон арқылы алдап, онлайн несие рәсімдеуге мәжбүрлейтінін айтты. Оның сөзінше, қаскөйлер жәбірленушілерге биометриялық тексеруден қалай өту керектігін айтып, несие рәсімдетіп, кейін ақшаны өз есепшоттарына аудартқызады.

«Алаяқтықтың негізі – адамды телефон арқылы алдау. Олар банкке бармай немесе банк менеджерімен сөйлеспей, онлайн несиеге өтініш береді. Биометриялық тексеруден өтіп, қажетті түймелерді басады. Соның нәтижесінде несиені алып, ақшаны бірден алаяқтарға аударады», – деді ол.

Осыған байланысты енді 65 жастан асқан азаматтар несие алу үшін міндетті түрде банк бөлімшесіне барып, менеджермен тікелей сөйлесуі қажет болады.

Сүлейменовтің айтуынша, бұл жағдайда банк қызметкерлеріне де қосымша жауапкершілік жүктеледі. Егер менеджер клиенттің үшінші тұлғаның ықпалында екенін байқаса немесе несие алу мақсатын түсінбесе, банк өтінішті қабылдамауға міндетті.

«Егер банк менеджері адамның басқа біреудің ықпалында екенін көрсе немесе клиент «Маған қоңырау шалып, несие рәсімдеуді айтты» десе, банк несиеден бас тартуға міндетті. Бұл олардың таңдауы емес. Олар: «Жоқ, құрметті клиент, біз сізге бұл несиені бермейміз» деп айтуы тиіс», – деді Ұлттық банк төрағасы.

Ол сондай-ақ бұл талаптардың сақталуын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бақылауда ұстайтынын айтты.

«Біз өмірлік тәжірибесі жоқ жастарды және оңай алданатын егде жастағы азаматтарды қорғадық», – деп қорытындылады Тимур Сүлейменов.

Еске салайық, 2025 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстанда азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғауға бағытталған жаңа несие беру ережелері күшіне енді. Атап айтқанда, онлайн несиелер үшін «салқындау кезеңі» енгізіліп, алаяқтық белгілері анықталған жағдайда банктер қосымша тексеру жүргізуге міндеттелді.

 

Сәйкес жаңалықтар

Жаңа Конституцияны сынаған Оразалы Ержанов екі айға қамалды

bairakkz

Арман Жұмагелдиевтің адвокаты қазақстандықтарға үндеу жасады

bairakkz

Биылғы Ұлттық құрылтай отырысы 20 қаңтарда өтеді

bairakkz