Қазақстанда бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар бірқатар азық-түлік тауары арзандады. Ұлттық статистика бюросының 12 тамыздағы мониторингіне сәйкес, ең айтарлықтай төмендеу картоп бағасында байқалды.
Бір аптада картоп 4,2%-ға арзандаған. Ақ қырыққабат бағасы 1,2%-ға, алма 1,1%-ға, ал пияз бен сәбіз 1%-ға төмендеді. Қатты және жартылай қатты ірімшік 0,3%-ға, майлылығы 5-9% болатын сүзбе мен тұз 0,2%-ға арзандады. Бірінші сұрыпты бидай ұны мен қаймақ бағасы 0,1%-ға төмендеген.
Сонымен қатар бірқатар негізгі азық-түлік бағасы өзгеріссіз қалды. Олардың қатарында бірінші сұрыпты ұннан жасалған нан, макарон өнімдері, сүйекті және сүйексіз сиыр еті, жылқы еті, сүт, жұмыртқа және сары май бар.
Өңірлер арасында азық-түлік бағасының ең көп төмендеуі Талдықорғанда тіркелді – 0,7%. Ақтау мен Жезқазғанда баға 0,4%-ға, Петропавлда 0,3%-ға, Астанада 0,2%-ға арзандады. Қарағанды, Қостанай, Орал, Өскемен және Павлодарда 0,1%-дық төмендеу байқалды.
Ал Алматы, Түркістан, Ақтөбе, Семей және Таразда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы өткен аптадағы деңгейде сақталған.
Ел бойынша картоптың орташа бағасы бір келіге 259 теңгені құрады. Ең арзан картоп Павлодарда – 191 теңге. Ақ қырыққабаттың орташа бағасы 189 теңге болса, Түркістанда оның келісі 142 теңгеден, Таразда 152 теңгеден сатылған.
Алманың Қазақстан бойынша орташа бағасы бір келіге 797 теңге болды. Ең төмен баға Шымкентте тіркеліп, 639 теңгені құрады.
Ет өнімдерінен сүйекті сиыр етінің орташа бағасы бір келіге 3 779 теңге, ал тауық еті 1 736 теңге болды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг апта сайын жүргізіледі. Зерттеу барлық облыс орталықтарын, республикалық маңызы бар қалаларды және Астананы қамтиды.
