Ақмола облысындағы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орман өрті тіркелді. Дала өртінен тараған жалын 5,3 гектар аумақты шарпыды, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігі.
Ведомство мәліметінше, өрт 11 қазанда даладағы жалынның мемлекеттік орман қоры жерлеріне таралуы салдарынан шыққан.
Өрт ошағы дер кезінде анықталып, жедел хабарлау жүйесі арқылы оқиға орнына қажетті күштер мен құралдар жеткізілді.
Тілсіз жауды ауыздықтауға мемлекеттік орман мекемелерінің қызметкерлері мен арнайы техникасы, сондай-ақ «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының әуе десанттары жұмылдырылды.
Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде 5,3 гектар аумақты қамтыған өрт қысқа мерзімде оқшауланып, толық сөндірілді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі ел аумағында өрт қаупі жоғары кезең әлі аяқталмағанын ескертіп, тұрғындар мен табиғат аясында демалушыларды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін де Бурабай ұлттық паркінде найзағай түсуі салдарынан орман өрті тіркелген болатын. Ол кезде де өрт ошағы ерте анықтау жүйесінің көмегімен дер кезінде анықталып, сөндірілген.
