Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ЖаңалықтарСаясат

Бектенов «Самұрық-Қазына» қорына жаңа басшы тағайындалатынын мәлімдеді

Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшылығына қатысты соңғы оқиғаларға байланысты мәлімдеме жасады. Үкімет басшысының айтуынша, қордың жаңа басқарма төрағасы жақын арада тағайындалады.

Олжас Бектенов қазіргі уақытта құқық қорғау органдары қордың жекелеген лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізіп жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, істің барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады. Жағдай Мемлекет басшысының бақылауында.

«Қазіргі кезеңде сөз нақты бір жағдай туралы болып отыр. Бұл жағдай Қордың бүкіл компаниялар тобының қызметіне күмән келтіруге негіз бола алмайды. Жақын арада «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының жаңа төрағасы тағайындалады. Бұл ретте басқару ісіндегі сабақтастық пен Қор қызметінің үздіксіздігі толық қамтамасыз етіледі», – деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы қор құрамындағы барлық компания қалыпты режимде жұмысын жалғастыратынын жеткізді. «Самұрық-Қазынаның» даму стратегиясы өзгермейді. Инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар бекітілген жоспарға сәйкес іске асырылады.

Сондай-ақ қор инвесторлар, кредиторлар, банктер және халықаралық қаржы институттары алдындағы барлық қаржылық, шарттық және борыштық міндеттемелерін толық әрі уақытылы орындайтыны айтылды.

Бектенов қордағы соңғы жағдай корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу шараларын күшейту қажеттігін көрсеткенін атап өтті.

Осыған байланысты қор мен оның еншілес ұйымдарының директорлар кеңестерінің, аудит және тәуекелдерді басқару комитеттерінің рөлін арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар ішкі бақылау, комплаенс және аудит жүйелері қайта қаралады.

«Біздің міндетіміз тек нақты құқық бұзушылықтарға ден қоюмен шектелмейді. Ең бастысы, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермейтін тиімді жүйе қалыптастыру», – деді Олжас Бектенов.

Еске сала кетейік, 12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отаншиевтің сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталғанын растаған болатын.

18 қарашада сот аталған тұлғаларды қамауға алуға санкция берді.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайға қатысты пікір білдіріп, Үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырған еді.

Сәйкес жаңалықтар

#САЙЛАУ2023

bairakkz

Ақтөбеде жалған анықтама сатқан медбике ұсталды

bairakkz

Қазақстандықтар келесі жылы декларация тапсырмайтын болды

bairakkz