Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының «Азаматтық борыш» жобасы аясында қаладағы бірқатар оқу орындарында ауған соғысы ардагерлерімен кездесулер өтті. Ауғанстан жерінде майдан көрген Мұхамеддин Мырзалиев, Аят Валиахметов, Болат Құрамысов, Қайрат Қыдырғалиұлы, Байдаулет Дәркенбай, Асқар Жорабаев сынды ардагерлер жастарға соғыс даласында бастарынын кешкен оқиғалар туралы айтты.
Мысалы, Ауған соғысы ардагерлері және мүгедектері қоғамдық бірлестігінің басшысы, «Айбын» орденінің иегері Байдәулет Дәркенбай соғыс кезінде жанармай таситын водовоз айдаған кісі. Қайнаған ыстық күнде, жауған оқтың ортасында, бір патрон тисе күл-талқаны шыққалы тұрған жанармай тиелген көлікті тау-тастың ортасында аман-есен діттеген жерге жеткізу оңай болмаған. Егер көлік жанса, одан шығып үлгерудің өзі өте қиын екені анық. «Сол себептен соғыс дегеніміз автомат асынып, танк ату емес, осындай күрделі операцияларды мүлтіксіз орындау» деді ардагер студент жастарға.

Он жылға созылған соғыстың ішінде әр солдат өзінің екі жылдық әскери борышын өтеген екен. Болат Құрамысов соғысқа басқалардан ерте қатысқан ардагер. Оның айтуынша оларды ауған жеріне соғысқа бара жатырмыз деп емес, әскери жаттығу өтеді деп апарған. Ауғанстанға кіргеннен кейін де, соғысқа кіреміз деп ойлай қоймаған. Соғыстын ортасында жүргенін әскери қақтығыс басталғанда бір-ақ білген.

Кездесуге қатысқан стдунттер арасында әртүрлі мамандық иелері бар. Соған қарамастан ауған соғысы тарихы оларды қызықтырып, көкейіндегі сұрақтарын ардагерлерге қойды. Сонымен қатар кездесулер кезінде қанқұйлы соғыстан сыр шертетін фотокөрмелер ұйымдастырылды.
