Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шектері алдағы 10 күн ішінде жарияланатынын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Еңбек министрлігі тек жеткіліктілік шектерін есептеу формуласына өзгеріс енгізген. Ал нақты шектерді бекіту және ресми жариялау міндеті Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) жүктелген.
«Біз, Еңбек министрлігі ретінде, тек есептеу формуласына өзгеріс енгіздік. Заңға сәйкес, бұл шектерді бекіту және жариялау БЖЗҚ-ның міндеті. Олар 10 күн ішінде жариялайды, сол кезде бәріміз нәтижесін көреміз», – деді министр.
Сондай-ақ ол қазіргі уақытта жас ерекшеліктеріне қарай нақты шектердің қалай өзгеретінін білмейтінін атап өтті.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегін есептеудің жаңа әдістемесін бекіткен болатын. Жаңа модельде зейнетақы активтерінің жылдық 9 пайыздық табыстылығы мен 8 пайыздық индексация деңгейі ескерілген.
Жаңа әдістеме 2026 жылғы 5 маусымнан бастап күшіне енеді. Осы өзгерістерден кейін азаматтардың бір бөлігі зейнетақы жинақтарының артық бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделу шығындарын өтеуге пайдалану мүмкіндігін қарастыруда.
Алдын ала есептеулер бойынша, 2026 жылға арналған жеткіліктілік шектері мынадай болуы мүмкін:
- 25 жас – 4,39 млн теңге;
- 30 жас – 5,12 млн теңге;
- 35 жас – 5,89 млн теңге;
- 40 жас – 6,72 млн теңге;
- 45 жас – 7,61 млн теңге;
- 50 жас – 8,57 млн теңге;
- 55 жас – 9,6 млн теңге.
Дегенмен, бұл көрсеткіштер алдын ала есептер болып саналады. Жеткіліктілік шектерінің нақты мөлшері БЖЗҚ ресми түрде жариялағаннан кейін белгілі.
