Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
АймақӘлеуметБасты ақпаратЖаңалықтар

Тазалық – қазақтың болмысы, тазалықшы – қаланың тынысы

Ақорда

Біз күн сайын таза көшеде жүреміз, жинақы аула, гүлмен көмкерілген саябақтарды аралаймыз. Бірақ сол тазалықтың артында мыңдаған адамның маңдай тері, қажырлы еңбегі тұрғанын көп жағдайда аңғара бермейміз.

Қазақ халқы ежелден тазалықты тек тұрмыстық ұғым ретінде қабылдамаған. Ұлттық дүниетанымда тазалық – мәдениет, тәрбие, адамгершілік пен имандылық өлшемі. Сондықтан халқымыз «Тазалық – саулық негізі», «Таза болсаң судай бол», «Тазалық – табалдырықтан басталады» деп бекер айтпаған.

Наурыз мейрамының жаңа тұжырымдамасында да бұл түсінік ерекше көрініс тапты. Наурызнама онкүндігінің соңғы күні «Тазару күні» деп аталады. Оның мәні тек көше тазалау немесе ағаш отырғызумен шектелмейді. Бұл – қоршаған ортаны ретке келтірумен қатар, адамның өз ойын, ниетін, қарым-қатынасын да тазартуға үндейтін күн. Яғни қазақтың түсінігінде тазалық – табиғат тазалығы ғана емес, жан тазалығы мен қоғам тазалығы. Бүгінде осы ұғымды күнделікті еңбегімен өміршең етіп жүрген коммуналдық сала қызметкерлері.

Қыста боранмен, жазда аптап ыстықпен жарысып жұмыс істейміз. Кейде адамдар біздің еңбекті байқамауы мүмкін. Бірақ таңертең көшенің тап-таза болып тұрғанын көргенде өз жұмысымыздың нәтижесін сезінеміз. Біз тазалаған көшеде қарапайым адамдар да, түрлі елдің басшылары да жүріп өтеді. Қаланың көркіне үлес қосып жүргенімізді мақтан тұтамыз, – дейді тазалық қызметкері Айгүл ханым.

Шынында, тазалық қызметкері – қаланың көрінбейтін қаһарманы. Олар қатты боран соқса да, нөсер жауын құйып тұрса да, мереке мен демалыс күндерге қарамай жұмыс істейді.

Кейінгі жылдары елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы қоғамдағы үлкен қозғалысқа айналды.

2025 жылдың өзінде «Таза Қазақстан» аясында 1 294 экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, оған шамамен 6,9 миллион адам қатысты. Нәтижесінде 844 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, 1,1 миллион гектар аумақ тазартылды, 2,9 миллионнан астам ағаш отырғызылды.

Ал биыл өткен жалпықалалық тазалық күніне 100 мыңнан астам адам қатысып, 2 683 ұйым мен кәсіпорын жұмылдырылды. Нәтижесінде 230 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 2 150-ден астам аула, 220 саябақ пен гүлзар, 78 тарихи-мәдени нысанның аумағы ретке келтірілді. Бұл жұмыстарға 1 208 арнайы техника тартылды. Бұл көрсеткіштер қоғамның табиғатқа деген жанашырлығы мен азаматтық белсенділігінің артқанын көрсетеді.

Президент «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде сөйлеген сөзінде: Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан» – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз, – деп атап өтті.

Қазақ қоғамында еңбек адамы әрдайым құрметке ие болған. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Еңбек түбі – береке» деген нақылдардың өзі соның дәлелі. Кейде біз үлкен жетістіктер туралы айтқанда инженерлерді, дәрігерлерді, мұғалімдерді, ғалымдарды мысалға келтіреміз. Бірақ қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп отырған жұмысшы мамандықтарының маңызы одан кем емес. Өйткені еңбек атаулының бәрі қадірлі.

Әлемнің ең дамыған қалалары ең алдымен тазалығымен ерекшеленеді. Сингапур, Токио немесе Хельсинки көшелерінің тазалығы тек заңмен емес, еңбекке деген құрметпен қалыптасқан. Бұл тұрғыда Қазақстанда да жаңа экологиялық мәдениет қалыптасып келе жатыр деп айтуға болады.

Қаланың тазалығы – оның мәдениетінің айнасы. Ал сол айна күн сайын жарқырап тұруы үшін мыңдаған адам маңдай терін төгеді. Сондықтан тазалықшыны тек көше сыпырып жүрген адам ретінде қабылдау қателік. Ол – қаланың тынысын сақтап тұрған маман. Ол – тәртіп сақшысы. Ол – сіз бен бізге жайлы орта жасап жүрген еңбек адамы.

 

Балнұр ҚОЖАГЕЛДІ

Сәйкес жаңалықтар

Тоқаев Түрікменстанның Сыртқы істер министрін қабылдады

bairakkz

Атырауда төрт адамды өлтіру ісі: күдіктінің соты ашық өтеді

bairakkz

Сенім ақталмады

bairakkz