Аустралия ашық чемпионатының финалына шыққаннан кейін қазақстандық теннисші Елена Рыбакина дүйсенбі күні жаңартылатын әлемдік рейтингте үшінші орынға көтеріледі.
Финалдық кездесудің нәтижесіне қарамастан, қазақстандық спортшы қазіргі уақытта WTA Live рейтингінде 6 910 ұпаймен 3-орында тұр. Осылайша, Рыбакина өзінен бұрын тұрған америкалық теннисшілер Аманда Анисимова мен Кори Гауфты басып озды.
Айта кетейік, бұл – Елена Рыбакинаның 2023 жылғы маусымда қол жеткізген ең жоғары нәтижесін қайталауы.
Финалда қазақстандық теннисші әлемнің бірінші ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кездеседі. Шешуші матч сенбі күні өтеді.
Сондай-ақ Елена Рыбакина соңғы он жыл ішінде WTA қорытынды турнирі мен Аустралия ашық чемпионатының финалына қатар шыққан үшінші ойыншы атанды. Бұған дейін мұндай жетістікке Арина Соболенко (2022–2023, 2025–2026) және даниялық Каролина Возняцки (2017–2018) қол жеткізген.
Сонымен қатар сенбі күні қазақстандық Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге жұптық сында бельгиялық Элизе Мертенс пен қытайлық Чжан Шуайға қарсы чемпиондық атақ үшін бақ сынайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Аустралия ашық чемпионатында Анна Данилинаның екінші рет финалға шыққаны хабарланған болатын.
Айта кету керек, Елена Рыбакина Аустралия чемпионатында екінші мәрте чемпиондық атақ үшін таласады.
