Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ӘлеуметБасты ақпаратЖаңалықтар

Қазақстан тарихында алғаш рет IPhO олимпиадасында бес алтын медаль жеңіп алды

Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстан құрамасы физикадан ең беделді халықаралық білім жарысы – International Physics Olympiad (IPhO) олимпиадасында тарихи нәтижеге қол жеткізді. Колумбияның Букараманга қаласында өткен 56-шы Халықаралық физика олимпиадасында ұлттық құраманың бес мүшесі де алтын медаль жеңіп алды.

Биылғы дода 4–12 шілде аралығында өтіп, оған әлемнің 85 елінен 381 оқушы қатысты. Қатысушылар күрделі теориялық және эксперименттік тапсырмаларды орындап, өзара бақ сынады.

Қазақстан құрамасы жарысты бес алтын медальмен аяқтап, IPhO тарихындағы елдің ең үздік нәтижесін тіркеді.

Алтын медаль иегерлері:

  • Нұргүл Егенбергенова – Астана қаласындағы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы;
  • Амирбек Азатбеков – Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы;
  • Илияс Қазымбек – Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 12-сынып оқушысы;
  • Роман Черемнов – Алматы қаласындағы «Мирас» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы;
  • Дамир Құрман – Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы.

Ұлттық құраманың бұл жетістігі үш жылға созылған жүйелі дайындықтың нәтижесі болды. Команданы мектеп мұғалімдері, тәлімгерлер және ұлттық құраманың жаттықтырушылары дайындады.

Дайындық жұмыстарына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Гүлия Нұрбақова жетекшілік етті. Ал олимпиада барысында құраманың жұмысын SDU университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Самат Мақсұтов пен халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Алишер Еркебаев үйлестірді.

Айта кетейік, Халықаралық физика олимпиадасы 1967 жылдан бері өткізіліп келеді. Қазақстан бұл білім додасына 1997 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Былтыр ұлттық құрама екі күміс және үш қола медаль жеңіп алған болса, биыл барлық бес қатысушы алтын медаль иеленіп, ел тарихындағы ең үздік нәтижені көрсетті.

Сәйкес жаңалықтар

Ұлдананың өлімінен кейін қайта үйленген Әділет Зейнел сотта күтпеген шешім қабылдады

bairakkz

Қазақстан Халық Кеңесі жастар қозғалысын құруда: 126 жас азамат Кеңес мүшелерінің серіктесі атанады

bairakkz

Белгілі айтыскер ақын жұбайымен бірге жол апатынан қаза тапты

bairakkz