Қазақстанда жарияланған әкімшілік амнистия аясында азаматтардың төленбеген айыппұлдары толық немесе ішінара есептен шығарылуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында Ержан Саденов мәлімдеді.
Ішкі істер министрінің айтуынша, қазіргі таңда уәкілетті органдар амнистияға ілігетін азаматтардың санаттарын, қарыз көлемін және есептен шығару тәртібін нақтылап жатыр.
Жоспарға сәйкес, амнистия:
-
жеңіл қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған,
-
қоғам мен мемлекет қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтін азаматтарға қатысты қолданылады.
Бұл – Қазақстан тарихындағы алғашқы әкімшілік амнистия болмақ.
Сонымен қатар, амнистия келесі санаттағы адамдарға қолданылмайды:
-
террористік және экстремистік қылмыс жасағандар,
-
сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары,
-
кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар,
-
азаптау деректері бойынша сотталғандар,
-
рецидивистер мен іздеуде жүрген тұлғалар.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентке осы сессия соңына дейін қосымша амнистия туралы заң қабылдауды тапсырған еді. Мемлекет басшысы бұл бастаманы қоғамдағы гуманистік құндылықтарды нығайтудың маңызды қадамы ретінде бағалаған.
