ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) Қытайдан әкелінген BYD маркалы гибридті көліктерге қатысты банктік шоттардың жаппай бұғатталып жатқаны жөніндегі ақпаратқа түсініктеме берді.
Комитеттің мәліметінше, әлеуметтік желілер мен ақпараттық алаңдарда тараған «барлық көлік иелерінің шоттары бұғатталып жатыр» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
МКК түсіндіруінше, тек кедендік декларациялау кезінде жалған мәлімет ұсынған сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға қатысты шаралар қабылданған. Атап айтқанда, анықталған заңбұзушылықтар туралы хабарламалар салық төлеушілердің жеке кабинеттеріне жіберілген.
Ведомствоның дерегіне сәйкес, бұл шаралар 450 сыртқы экономикалық қызмет қатысушысы рәсімдеген 623 көлікке ғана қатысты болған. Ал банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын шектеу тек 45 заңды тұлға мен жеке кәсіпкерге қолданылған.
МКК мәліметінше, тексерістердің басталуына гибридті көліктердің электр қозғалтқышының 30 минуттық қуаты туралы жалған деректерді көрсету жағдайлары себеп болған. Мұндай мәліметтер кедендік баж салығын төлемеу үшін пайдаланылған болуы мүмкін.
Объективті бақылау жүргізу мақсатында Мемлекеттік кірістер органдарына BYD компаниясының ресми өкілдері ұсынған зауыттық техникалық сипаттамалар берілген. Бұл ақпарат көліктер бойынша көрсетілген мәліметтердің дұрыстығын тексеру үшін қолданылмақ.
Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырды.
