Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
АймақЖаңалықтар

Маңғыстау облысындағы оқушыны олимпиадаға дайындау шебері

Маңғыстаудың қоңыр желі баяу ғана есіп тұратын Қосбұлақ ауылы талай дарынды жанды тәрбиелеп шығарған мекен. Сол қасиетті топырақта жас ұрпақтың жүрегіне тілдің, сөздің, әдебиеттің құдіретін ұялатып келе жатқан бір ұстаз бар.

Ол – 33 жылдық еңбек жолына шәкірттерінің ой-арманы мен табыс нұрын сыйғызған тәжірибелі педагог, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанира Қайыржанқызы Бекболатова. Мектеп дәлізінде жай ғана жымиып өткенінің өзінен оның мейірімі сезіледі, ал сабағына кірген сәттен бастап оқушыны баурап алатын ерекше бір тыныс байқалады. Жанира Қайыржанқызы үшін әр сабақ – шығармашылыққа толы саяхат, сөз әлеміне жасалған жаңа бір қадам. Ол баланың жас ерекшелігіне, қабылдауына, қызығушылығына үңілген сайын сабақ мазмұны да құбылып, қайта түлей түседі.

Ұстаз өз мамандығын жүрек қалауымен таңдаған жанға ғана тән адалдықпен атқарады. Тілдің табиғатын сезініп, сөздің ішкі қуатына үңілуге баулиды. Әдеби шығармаларды талдағанда «мәтінді сезіну» әдісін қолдануы да соның айғағы. Балалар кейіпкердің жан дүниесін түсініп, өз өмірімен салыстырады, сөйтіп әдебиет олардың жеке рухани әлеміне айналады. Ал цифрлық дәуір талаптарына сай Padlet, Kahoot, LearningApps, тіпті жасанды интеллект мүмкіндіктерін еркін қолдануы мұғалімнің жаңашылдыққа деген ашық көзқарасын аңғартса керек.

Өз сабағын тірі организм секілді үнемі ілгері дамытуға күш салатын ұстаздың жұптық тапсырмаларынан бастап үлкен жобаларына дейін балалардың өздігінен ойлануына, жауапкершілігін арттыруына жол ашады. Мәселен, презентация дайындау тапсырмасын біреуіне мазмұнын әзірлетіп, екіншісіне оны қорғауды тапсыруы – оқушылардың бір-біріне сүйеніп, бір команда ретінде әрекет етуіне үйрететін тәсіл. Ал жоғары сыныптардағы күрделі тақырыптарды ситуациялық сұрақтар арқылы бастауы оқушылардың бірден ойлануына түрткі болары сөзсіз. Nike компаниясының  кроссовканың екі бөлек сыңарын екі елде шығару себебі туралы сұрақтан Жаһандану тақырыбына алып шығуы да осының көрінісі.

Орыс тілінің бағдарламасы күрделі болғанымен, Жанира Қайыржанқызы үшін бұл – мүмкіндіктер алаңы. Аннотация, пресс-релиз, рецензия, мақала жаздырту арқылы ол оқушыларын болашақ журналистер деңгейінде даярлайды. Ауыл баласының орыс тіліне бірден ауыса алмайтынын жақсы түсініп, сабақ басын жаңылтпаштар мен шағын өлеңдерден бастауды дәстүрге айналдырған. Оқушының дикциясы түзелген сайын тілді меңгеруі де жеңілдей түседі.

Ал «Тірі кітап», «Қатемен жұмыс» сияқты шығармашылық жобалары – балалардың танымдық қызығушылығын арттырып, тілдік қабілетін шыңдайтын тың бастамалар. Әдеби кейіпкер болып сөйлеу арқылы олар сөзге жан бітіреді, сөйлеу мәдениетін қалыптастырады, ал қате табу мен дәлелдеу олардың грамматикалық сауатын өсіреді.

Мұндай жанкешті еңбектің нәтижесі де бар: оның шәкірттері облыстық, республикалық олимпиадалардың жүлдегері атанып жүр. Ұстаздың көп жылғы тәжірибесі «9-11 сынып оқушыларын олимпиадаға дайындау бағдарламасы» атты авторлық еңбекке айналды. Бұл – тек жеке жетістік емес, мектеп мұғалімдерінің ортақ әдістемелік қорына қосылған қомақты үлес.

Жанира Қайыржанқызының үздіксіз ізденуден жалыққан емес. Бос уақыты болса, семинар, тренинг қарауды, жаңа құралдарды үйренуды әдетке айналдырған. Табиғатта серуендеп жүріп болашақ сабаққа идея табатыны да бар. Өйткені шабыт оған күтпеген жерден келеді, ең қарапайым сәттің өзі жаңа тәсілге айналуы мүмкін.

2025 жылдың қазанында Республикалық педагогикалық идеялар панорамасы байқауының облыстық кезеңінде ІІІ орын иеленуі де оның еңбегіне берілген лайықты баға. Бірақ ол өзі биіктен көрінген шәкірттерін, балалар мен ата-аналардың ықыласын бәрінен жоғары қояды.

Қосбұлақтағы №1 мектептің жайлы бір сыныбында, кітап исі аңқыған кеңістікте үнемі жаңалық іздеп, үнемі бала жүрегіне жол тауып жүрген бір мұғалім бар. Ол – өзінің қарапайым болмысымен биік, шәкірттерін сөз құдіретіне жетелеген шырақшы, жас ұрпақтың жан дүниесіне сәуле түсіріп жүрген адал ұстаз Жанира Қайыржанқызы.

 

Сәйкес жаңалықтар

МЫСЫРДЫҢ МҰХАММЕДІ

bairakkz

Мемлекет басшысы ҰҚШҰ-ның маңызына тоқталды

bairakkz

Қуғын-сүргін құрбандарына құран бағышталды

bairakkz