ҚР Оқу-ағарту министрінің төрағалығымен облыстық білім басқармалары басшыларының қатысуымен аппараттық жиын өтті. Күн тәртібінде өңірлердегі білім сапасын арттыру және инклюзивті білім беруді дамыту мәселелері қаралды.
Жиын барысында аймақтардағы нақты көрсеткіштер сарапталып, өңірлер арасындағы айырмашылық ашық айтылды. Министр кей облыстардың артта қалып отырғанына назар аударып, жүйелі өзгеріс қажет екенін жеткізді.
Өңірлік басқармалар жаңа жобалар мен педагогтердің біліктілігін арттыру шаралары туралы баяндама жасағанымен, министр сан қуалауды тоқтату қажеттігін қатаң ескертті.
«Өкінішке қарай, арамызда білім сапасын оқушының терең білімімен емес, атқарылған жобалардың санымен өлшейтін менеджерлер әлі де бар. Бізге қағаз жүзіндегі есеп емес, шәкірттің шынайы жетістігі мен білім деңгейінің өсуі қажет. Сол себепті, өңірлерде қалыптасқан жағдайды бүкпесіз айтып, оны шешудің жолдарын бірге іздестіруден ғана нәтиже болады», – деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.
Министрдің айтуынша, басты индикатор – оқушының нақты білімі мен дағдысы.
Жиында кадр тапшылығы мәселесі ерекше көтерілді. Қазіргі уақытта ел мектептерінде 490 директорлық орын бос тұр. Әсіресе Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында басшы кадрлар жетіспейді.
2025 жылы директорлыққа үміткерлердің тек 21 пайызы ғана тестілеуден өткен. Сондықтан білікті мамандарды басқа өңірлерден тарту тетіктерін қарастыру ұсынылды.
Сала менеджерлерінің әлсіздігі мектеп ішіндегі корпоративтік мәдениетке де әсер етуде. Мұндай мектептерде мұғалімдердің наразылығы артып, орталыққа шағымдар жиілеген.
Нақты ғылымдар бойынша педагог тапшылығы да өзекті. Педагогтердің кәсіби бағалау нәтижесінде мұғалімдердің 52,62 пайызы шекті деңгейден өте алмаған.
Төмен көрсеткіштер Түркістан, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында байқалады. Әдістемелік қызмет сапасының өңірлер арасында біркелкі болмауы да жағдайды күрделендіріп отыр.
Саладағы тағы бір мәселе – ақпараттық платформалардың әр алуандығы және деректердің шашыраңқылығы. Министрлік бұл мәселені шешу үшін барлық өңірлік жүйелерді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Esep.kz платформасына кезең-кезеңімен интеграциялауды жоспарлап отыр.
Бұл деректердің ашықтығын қамтамасыз етеді, ақпаратты біріздендіреді және артық есептілікті азайтады.
Министрдің пікірінше, инклюзия формалды көрсеткіш болмауы тиіс. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаға шынайы бейімделу мүмкіндігін жасау – басты міндет.
Осыған байланысты өңірлердегі инклюзия кабинеттерінің тиімділігі арнайы зерделенетін болады.
