Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ЖаңалықтарСаясат

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді

Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен тарихи Тяньцзинь қаласында кездесті. Мемлекет басшысы қонақжайлылығы үшін Қытай көшбасшысына алғыс айтып, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне шақыруды зор ықыласпен қабылдағанын жеткізді, деп хабарлайды bairak.kz.

Тоқаев өз сөзінде Қытай халқын Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің және Жапон басқыншылығына қарсы күрестегі жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, Қытайдың фашизмді жеңуге қосқан үлесін ерекше атап өтті. Ол қытай халқының батылдығы мен қайсарлығына жоғары баға берді.

Мемлекет басшысы қазақ-қытай стратегиялық серіктестігі Си Цзиньпиннің қолдауымен бұрын-соңды болмаған деңгейде дамып жатқанын айтты. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 44 миллиард долларға жетіп, рекорд орнады. Тоқаев бұл көрсеткіш биыл да сақталып отырғанын, Қытайдың Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі екенін атап өтті. Сондай-ақ, туризм жылы аясында мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайту, жаңа «Лу Бань зертханалары» мен Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығын ашу маңызды қадам екенін айтты.

Өз кезегінде Си Цзиньпин Қазақстанмен достық пен тату көршілікке негізделген мәңгілік әрі жан-жақты серіктестікті тереңдетуге ерекше мән беретінін жеткізді. Ол араға екі ай салып қайта кездескендерін екі ел қарым-қатынасының жоғары деңгейін көрсететінін айтып, Қытай – Орталық Азия саммитінің табысты өткенін және қазақ-қытай байланыстарына тың серпін бергенін атап өтті.

Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистика, энергетика, цифрландыру, жасанды интеллект және ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді бірлесе талқылауға уағдаласты.

Сәйкес жаңалықтар

Тұрақты даму мақсаттарын талқылау үшін 90-ға жуық ЖОО Астанада бас қосты

bairakkz

ЕЛІМІЗДІҢ НАМЫСЫН КЕНИЯЛЫҚ ЖЕҢІЛ АТЛЕТТЕР ҚОРҒАЙДЫ

bairakkz

Әсел Сәдуақасованың бұрынғы күйеуі бар шындықты айтып берді

bairakkz