Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалында «Теңізшевройл» мұнайын тиеп жатқан танкерге дрон шабуыл жасалып, соның салдарынан мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды.
КҚК мәліметінше, оқиға 30 шілде күні Мәскеу уақытымен сағат 01:48-де болған. Маршалл аралдарының туы астында жүзетін NISSOS SIFNOS танкері ВПУ-3 айлағында «Теңізшевройлдың» мұнайын қабылдап тұрған кезде ұшқышсыз ұшу аппараты кеменің жүк палубасындағы мұнай қабылдау торабына соққы жасаған.
Шабуылдан кейін өрт шыққанымен, экипаж және КҚК-ның үш қосалқы кемесінің көмегімен жалын толық сөндірілді. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ, мұнайдың теңізге төгілуіне жол берілмеген. Танкердің жүзу қабілеті сақталғанымен, келтірілген залал көлемі әлі бағалануда.
Сол түні КҚК терминалына бағыт алған MARATHI танкеріне де шабуыл жасалған. Ол терминалдан шамамен алты теңіз милі қашықтықта болған.
Оқиғадан кейін КҚК теңіз терминалында мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды. Консорциум бұл жағдайды халықаралық энергетикалық инфрақұрылымға жасалған шабуыл деп бағалап отыр.
Каспий құбыр консорциумы – Қазақстан мұнайын экспорттайтын негізгі бағыттардың бірі. Бұл жүйе арқылы Теңіз кен орны бастаған ірі кен орындарының мұнайы әлемдік нарыққа шығарылады. Сондықтан терминал жұмысының кез келген үзілісі Қазақстанның мұнай экспорты мен өндірісіне әсер етуі мүмкін.
