Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ЖаңалықтарОқиғалар

Түркістан облысында бес баланың әкесі ауылдастарының қолынан қаза тапты

Фото: мұрағат

Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы Шұқырбұлақ ауылында 32 жастағы Маханбет Тұрғанбек өз ауылдастарының қолынан қаза тапты, деп хабарлайды Информбюро бағдарламасы.

Марқұмның туыстарының айтуынша, оны таныстары түнде кездесуге шақырып, кейін аяусыз соққыға жығып, мойын тұсынан пышақтаған. Оқиға салдарынан бес баланың әкесі ауыр жарақаттан көз жұмды.

Қайғылы оқиға 19 шілдеде болған. Бейнебақылау камераларындағы жазбада бірнеше адамның бір азаматты соққыға жыққаны көрінеді. Марқұмның жақындарының сөзінше, оған тек соққы жасалып қана қоймай, кеңірдек тұсына пышақ сұғылып, қансырап жатқан күйінде қалдырылған.

Марқұмның жұбайы Индира Көлбайдың айтуынша, күйеуін түнде досы үйден алып кеткен, ал арада шамамен бір жарым сағат өткенде оның қаза тапқаны туралы хабар жеткен.

«Денесіне адам қарайтындай күйде болған жоқ. Басының бәрін жарып тастаған. Аяқ-қолының саусақтарының барлығы ісініп кеткен. Қолында екі жерінен пышақ жарақаты болды. Кеңірдектің үстіңгі жағынан да пышақ сұғылған. Күйеуім мойнындағы қанын ұстап, қайта-қайта сүртіп, кейін шегініп барып құлаған», – деді марқұмның жұбайы Индира Көлбай.

Марқұмның анасы Пакизат Алтынбекова күдіктілердің көпшілігі әлі күнге дейін бостандықта жүргеніне наразылық білдірді.

«Менің балам жер қойнауында жатыр. Ал қалғандары үйлерінде тамақ ішіп, күліп-ойнап жүр. Артында бес баласы қалды, ең кішкентайы қырық күнге де толмаған. Бір ғана күдіктіні Шымкенттегі СИЗО-ға әкеткен дейді. Қалғандары неге бостандықта жүр?» – деді марқұмның анасы Пакизат Алтынбекова.

Туыстарының айтуынша, барлық дәлелдерге қарамастан, әзірге тек бір ғана күдікті ұсталған. Олар шабуылға бес адам қатысқан деп есептейді және істің әділ тергелуін талап етуде.

Аталған факті бойынша полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғаған. Алайда Түркістан облысы Полиция департаменті оқиғаға қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

Сәйкес жаңалықтар

«Шаңырақ» ҚБ басшысы 1,2 миллиард теңге жымқырды деген күдікпен ұсталды

bairakkz

«ПСЖ» МЕН «РОМА» ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

bairakkz

Текеліде бір мезгілде Мемлекеттік Ту шеруімен велосипедшілер дауыс берді

bairakkz