Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Вьетнамда ұсталған қазақстандық блогер Қайсар Қамзаның ісіне қатысты түсініктеме берді.
Оның мәліметінше, қазіргі таңда Вьетнамда аталған іс бойынша тергеу және сотқа дейінгі рәсімдер әлі аяқталған жоқ. Сондықтан блогерді Қазақстанға қайтару мәселесін қарау үшін алдымен соттың түпкілікті шешімі қабылдануы қажет.
Қазір тергеу жүріп жатыр, іс қаралу үстінде. Ең алдымен сот шешімі шығуы тиіс. Сол процесстер толық аяқталғаннан кейін ғана нақты шешім қабылданады, – деді вице-министр.
Сондай-ақ ол Қайсар Қамзаның Интерпол желісі арқылы ұсталғанын растады. Бұл – екі елдің құқық қорғау органдарының бірлескен іздестіру және тергеу жұмыстарының нәтижесі. Оның айтуынша, әрі қарайғы барлық шаралар белгіленген халықаралық және ұлттық рәсімдерге сәйкес жүзеге асырылады.
Журналистердің блогерге қандай жаза тағайындалуы мүмкін екені туралы сұрағына Әлібек Бақаев бұл мәселе сыртқы істер министрлігінің құзыретіне кірмейтінін атап өтті. Мұндай шешімдерді тек тергеу мен сот органдары қабылдайды.
Еске салсақ, 2026 жылдың қаңтарында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі Қайсар Қамзаға іздеу жариялаған болатын. Іздестіру ісі Астанада тіркеліп, жедел шараларды Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізген.
Блогердің өзі іздеуге жарияланғаннан кейін әлеуметтік желіде қысқаша пікір білдіріп, «Бәрі жақсы» деген жазба қалдырған. Оның Instagram парақшасына 2,3 миллионнан астам адам жазылған, ол өзін саяхат тақырыбындағы блогер ретінде таныстырады.
